Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бағытта дағдарыс орталықтарын лицензиялау енгізіліп, қаржыландырудың жаңа тетігі іске қосылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау жүйесі енгізіліп, жан басына шаққандағы қаржыландыру тәртібіне көшу жүзеге асырылды. Бұл қызмет көрсету сапасына қойылатын бірыңғай талаптарды қалыптастырып, бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуына мүмкіндік береді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға көмек қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағанына қарамастан көрсетіледі. Олар әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-тұрмыстық қолдау алады. Ал кәмелетке толмаған балалар дағдарыс орталықтарына ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен бірге қабылданады.
Министрліктің мәліметінше, 2023-2025 жылдары арнаулы әлеуметтік қызметпен 13 мыңнан астам адам қамтылған. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында 1 877 азаматқа, оның ішінде 1 299 балаға көмек көрсетілген.
Қазір Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 29 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Олар еліміздің барлық өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қызмет көрсетеді.
Министрлік алдағы уақытта халықтың сұранысын ескере отырып, дағдарыс орталықтарының желісін кеңейтіп, көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр.