homepage
Depositphotos.com

Жазда ішек инфекциясынан қалай сақтануға болады

10.07.2026, 11:58

Жаз мезгілінде ауа температурасының көтерілуіне байланысты жіті ішек инфекцияларымен сырқаттану қаупі артады. Себебі бұл кезеңде ауру қоздырғыштары тағамда, суда және қоршаған ортада тез көбейеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті тұрғындарға қарапайым сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.

Мамандардың мәліметінше, жіті ішек инфекцияларына дизентерия, сальмонеллез, энтеровирустық инфекциялар және басқа да жұқпалы аурулар жатады. Инфекция көзі – науқас адам немесе ауру қоздырғышын тасымалдаушы. Ауру көбіне ластанған тағам, су, тұрмыстық заттар мен ойыншықтар арқылы жұғады. Кей жағдайда шыбындар мен тарақандар да инфекцияның таралуына себеп болуы мүмкін.

Жіті ішек инфекциясының алдын алудың 5 ережесі

1. Жеке бас тазалығын сақтаңыз

  • дәретханадан кейін және тамақ әзірлер алдында қолды сабындап жуыңыз;
  • ас үйдегі ыдыс-аяқ пен жұмыс беттерін таза ұстаңыз;
  • шыбын-шіркей мен кеміргіштерге қарсы шара қолданыңыз.

2. Шикі және дайын тағамды бөлек сақтаңыз

  • шикі ет, құс еті және теңіз өнімдерін дайын тағамдармен бірге қоймаңыз;
  • оларды турауға арналған бөлек тақтай мен пышақ пайдаланыңыз.

3. Тағамды толық пісіріңіз

  • ет пен құс етін толық піскенше әзірлеңіз;
  • дайын тағамды қайта тұтынар алдында жақсылап қыздырыңыз немесе қайнатыңыз.

4. Тағамды дұрыс сақтаңыз

  • дайын асты бөлме температурасында екі сағаттан артық қалдырмаңыз;
  • тез бұзылатын өнімдерді міндетті түрде тоңазытқышта сақтаңыз;
  • мұздатылған тағамды еріткеннен кейін қайта мұздатпаған жөн.

5. Сапалы азық-түлік таңдаңыз

  • тағамды рұқсат етілмеген жерлерден сатып алмаңыз;
  • жарамдылық мерзіміне назар аударыңыз;
  • жеміс-жидек пен көкөністі мұқият жуыңыз;
  • тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішіңіз.

Мамандардың айтуынша, жеке бас гигиенасын сақтамау, санитарлық талаптар бұзылып дайындалған тағамды тұтыну және сапасыз ауыз су пайдалану жіті ішек инфекцияларының негізгі себептерінің бірі саналады.

Дәрігерлер қарапайым санитарлық талаптарды сақтау өзіңізді ғана емес, отбасыңыздың денсаулығын да қауіпті жұқпалы аурулардан қорғауға көмектесетінін ескертеді.