Алматы облысында өткен жылдың қазан айынан бері із-түзсіз жоғалған әйелдің мәйіті табылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
1984 жылы туған, Қараой ауылының тұрғыны өткен жылдың қазан айында қыстақтағы үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Содан кейін оның жұбайы полицияға жүгініп, әйелге іздеу жарияланған.
Құқық қорғау органдары әйелді іздеуге ауқымды іздестіру жұмыстарын жүргізіп, көршілес өңірлерді де қамтыған.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ тиісті сот сараптамалары тағайындалды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әйелдің нақты неден көз жұмғаны сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін белгілі болады.