homepage
фото ашық дереккөзден

Қазақстанда нан қымбаттады

10.07.2026, 10:53

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарына кіретін бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін әлеуметтік нанның бағасы соңғы бір жылда 4,2%-ға өсті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Еnergyprom сарапшыларының мәліметінше, бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің орташа қымбаттау қарқынынан (2,9%) жоғары.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 1 шілде әлеуметтік нан бағасы еліміздің барлық дерлік өңірінде өскен. Тек Көкшетауда ғана, керісінше, нан 8,7%-ға арзандаған.

Бағаның ең жоғары өсімі:

  • Семейде – 13%;
  • Павлодарда – 12,9%;
  • Ақтөбеде – 12,5%.

Сондай-ақ Жезқазан, Алматы, Ақтау, Петропавл және Қонаев қалаларында да өсім республикалық орташа көрсеткіштен жоғары болған.

Ең қымбат және ең арзан әлеуметтік нан

Ел бойынша бірінші сұрыпты ұннан пісірілген әлеуметтік нанның орташа бағасы 229 теңге/кг болды.

Ең қымбат әлеуметтік нан:

  • Қонаев – 347 теңге;
  • Алматы – 308 теңге;
  • Жезқазған – 281 теңге;
  • Семей – 266 теңге;
  • Ақтау – 253 теңге.

Ал ең төмен баға:

  • Оралда – 185 теңге;
  • Шымкентте – 187 теңге;
  • Петропавлда – 196 теңге;
  • Таразда – 198 теңге;
  • Қостанайда – 199 теңге.

Астанада әлеуметтік нанның орташа бағасы 212 теңгені құрап, республикалық орташа деңгейден төмен болған.

Нан өндірісі аздап қысқарды

2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда 204,3 мың тонна жаңа піскен нан өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3%-ға аз.

Нан өндірісі бойынша көш бастап тұрған өңірлер – Түркістан облысы мен Алматы қаласы. Екеуінің үлесіне елдегі жалпы өндірістің үштен бірінен астамы тиесілі.

Өндіріс көлемі ең көп артқан өңірлер:

  • Алматы облысы – 12,9%;
  • Атырау облысы – 10,4%;
  • Батыс Қазақстан облысы – 8,7%.

Ал ең үлкен төмендеу Ұлытау облысында тіркеліп, өндіріс көлемі 11%-ға азайған.

Қазақстандықтар қандай нанды көбірек тұтынады?

Статистикаға сәйкес, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында әрбір қазақстандық орта есеппен 9,6 келі нан тұтынған. Оның 6 келіге жуығы бірінші сұрыпты ұннан дайындалатын әлеуметтік нанның үлесіне тиесілі.

Бұл нан әсіресе ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие. Ауылдық жерде бір адам тоқсанына орта есеппен 6,57 келі, ал қала тұрғындары 5,65 келі әлеуметтік нан тұтынған.

Ал жоғары сұрыпты ұннан пісірілетін нанды, керісінше, қала тұрғындары ауыл халқына қарағанда әлдеқайда көп сатып алады.