homepage
Фото: Ian MacNicol

Ысқырмады да, пысқырмады…

10.07.2026, 09:28

Бүгін футболдағы ысқырықтың дүниеге келген күні. Атаулы күннің тарихы да қызық. Жалпы, футбол алаңында төрешілердің төрелік етуі 1873 жылы ғана пайда болған. Ал 1878 жылға дейін осы төреші деген қауымда арнайы ысқырық атымен болмаған. Олар ойынды дауыстап басқаратын немесе белгі беретін. Тіпті болмай жатса, назар аудартып, белгілі бір шешім қабылдау үшін қоңырау соғатын. 1878 жыл. Шілденің 10-ы күні. Лондондағы матчқа полицей төрелік етеді. Ойын кезінде жанжал шығып, жаға-жыртыс басталады. Осы кезде әлгі төреші болып жүрген полиция қызметкері еш ойланбастан ысқырығымен қатты ысқырады. Шошып кеткен ойыншылар сол сәтте төбелесті тоқтата қояды. Міне, содан бері футболда төрешілер ысқырық пайдаланып келеді... 

Ал кеше түнде футболан 23-әлем біріншілігінің ширек финалдағы алғашқы кездесуінде Франция өз қарсылысы Марокконы ысқырмай да, пысқырмай да, жайпап өте шықты. Бостон стадионында өткен бұл кездесуде француздар өздерінің тактикалық басымдығы мен шабуыл шебіндегі мықтылығын тағы да дәлелдеді. Бесінші Республика өкілдері ойын бастала сала тізгінді өз қолдарына алып, шабуылды төпелетті. Мбаппенің тепкен бір добы қақпадан қиыс кетті. Шабуыл одан әрі үдеді. 28-минутта Марокко қорғаушысы Нуссаир Мазрауи өз айып алаңына екпіндеп еніп келе жатқан Килиан Мбаппені шалып, баудай түсірді. Төреші ұзақ уақытқа созылған VAR тексерісінен кейін пенальти белгіледі. Ала добын алып, 11 метрлік айып нүктесіне Килиан келді. Алайда, Мбаппенің ұмтылып барып, кібіртіктеп соққан добын Марокко қақпашысы Яссин Боно оп-оңай қағып алып, қақпасын голдан сақтап қалды. Бірінші таймдағы үзілістен кейін шалынған ысқырықтан кейін франциялықтар тағы да атқа қонды. Сөйтіп, 60-минутта Франция құрамасының қысымы бәрі-бір өз нәтижесін берді. Килиан Мбаппе айып алаңының сыртынан оң аяғымен тамаша соққы жасап, допты қақпа бұрышына дәл кіргізді. Есеп 1:0. Бұл оның осы турнирдегі 8-ші голы. Әрі әлем чемпионаттарындағы жалпы голдар санын ол осылайша 20-ға жеткізді.

Килиан қазір футбол тарихындағы мундиалдарда ең көп гол соққан ойыншылар тізімінде Лионель Мессиден (21 гол) кейін екінші орында тұр. Және Мбаппе 2026 жылғы әлем чемпионатында Франция құрамасының осы уақытқа дейін өткізген барлық 6 ойынында да қатарынан гол соққан жалғыз ойыншы. Осы матчта гол соққан Килиан Мбаппе 2026 жылғы мундиалда 11 голға тікелей ат салысып (8 гол, 3 ассист), Лионель Мессиді артқа тастап, сұрмергендер жарысында жеке дара көш бастады. Сөйтіп, пенальтиден гол соға алмай қалған Килиан осыдан кейін арқасынан жүк түскендей шиыршық атып, шабуыл шебіндегі ойынды одан бетер қыздырды. Арада алты минут өтіп, 66-минутқа жеткенде бірінші голдан есін жинай алмаған Марокко қорғанысы тағы бір қателік жіберді. Осы жолы Килиан Мбаппе Оусман Дембелеге тамаша пас берді. Орталық алаңнан алға суырылып шығып, Дембеле қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеп, есепті еселеді. 2:0. Марокко құрамасының бас бапкері Мохамед Уахбидің ойын жоспары бірінші таймда іске асқанымен, екінші таймда франциялықтардың жеке шеберлігі Марокко жоспарының күлпаршасын шығарды. Әйтпесе, Марокконың негізгі мақсаты алғашқы бір сағат бойы қорғаныста берік тұрып, есепті 0:0 тең ұстап, соңғы 15 минутта қарсы шабуылда бақ сынау болған. Алайда, олардың допқа иелік етуден кейінгі шабуылға өтуі өте сылбыр болды. Шылбыр тартып, сылдыр ойынады. Команданың бас сұрмергені Исмаэль Сайбаридің жоқтығы да көрініп тұрды. Марокколықтар тоқсан минут бойында қарсылас қақпасына небары 1 рет ғана доп тепті. Қалған уақытта қорғанумен болды. Ал Дидье Дешам шәкірттері матч тізгінін толық қолда ұстады. Франция қақпашысы Майк Меньян болса іші пысып, істерге жұмыс жоқ, таза демалды. Ол тек 83-минутта Аззедин Унахидің айып соққысынан тепкен добын ғана қайтарды. ОсылайшаФранция құрамасы қатарынан үшінші рет әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Енді француздар жартылай финалда бүгін кешке Лос-Анджелесте өтетін Испания мен Бельгия матчының жеңімпазымен кездеседі.

Марокко құрамасы 2022 жылғы Катардағы кеткен есені қайтара алмай, турнирмен қоштасты. Жалпы Марокко құрамасы соңғы екі әлем чемпионатында гол соқпай жеңілген тек екі-ақ матч бар. Оның екеуі де Франция құрамасымен өткен ойын. Және осы екі кездесу де тура 2:0 есебімен аяқталған. Ол 2022 жылғы жартылай финал мен бүгін түнде өткен ширек финал. Бір қызығы Марокко құрамасы сапында топ тепкен 6 ойыншы Францияда туып-өскен. Францияның жастар құрамасынан түлеген түлектер. Соның бірі 18 жасар Аюб Буадди күні кешеге дейін Францияның барлық жасөспірімдер құрамасында ойнап келіп, кейін Марокконы таңдаған. Бірақ, ышқынып ойнамаған соң, қарсылас оны пысқырып көрсін бе?!.

Бекәлі Жәдік