homepage
Depositphotos.com

Табысы ең төмен өңір - Түркістан

09.07.2026, 17:56

2026 жылдың І тоқсанында Қазақстан халқының жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы айына 252 619 теңгені құрады, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға жоғары. Ал инфляцияны ескергендегі нақты ақшалай табыс 0,1 пайызға өскен.

Ең жоғары табыс қай өңірде тіркелді?

Бюро дерегіне сүйенсек, өңірлер арасында ең жоғары орташа табыс Алматы қаласында – 408 182 теңге болды.

Одан кейін Ұлытау облысы – 353 036 теңге және Астана – 352 811 теңгемен көш бастап тұр.

Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында – 143 409 теңге тіркелген.

Сондай-ақ Шымкентте орташа табыс 160 951 теңге, Жамбыл облысында 166 768 теңге, Жетісу облысында 173 876 теңгені құрады.

Табыстың ең жоғары өсімі  

Өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда атаулы ақшалай табыстың ең жоғары өсімі Алматы облысында – 19,1 пайыз, Қарағанды облысында – 16,4 пайыз және Шығыс Қазақстан облысында – 14,7 пайыз тіркелді.

Ұлттық статистика бюросы бұл көрсеткіштердің алдын ала бағалау екенін атап өтті. Деректер жылдық статистикалық мәліметтер нақтыланғаннан кейін қайта есептелуі мүмкін.