homepage

Жасөспірімді қағып өлтіріп, сыра ішуге кеткен: Алматыда ер адамға сот үкімі шықты

Juzmedia. kz
25.01.2025, 10:58

Алматыда жүргізуші куәлігінен айырылған ер адам мас күйде көлігімен жасөспірімді қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Сот ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Бұрын, 2020 жылы жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған Алматы қаласының тұрғыны тағы да мас күйінде көлік жүргізіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды.

Жаяу жүргіншілер өткелінде кәмелетке толмаған жасөспірімді қағып кеткен, оны тек артқы айнасынан ғана байқаған ер адам полиция қызметкерлері келгенге дейін оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін достарымен сыра ішіп, содан соң ғана үйіне оралған.

“Жол-көлік оқиғасы салдарынан 15 жастағы жасөспірім ауыр жарақаттар алған: мойын омыртқа аймағының жабық жарақаты, іш жарақаты болған және көп зақым келгендіктен бауыры жарылып кеткен. Ол алған жарақаттарынан қайтыс болды”, - делінген қалалық сот хабарламасында.

ЖҮРГІЗУШІГЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР

Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотында абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлік құралын мас күйінде жүргізген (ҚР ҚК-нің 346-бабының 5-бөлігі) және ауыр зардаптарға әкеп соққан жол-көлік оқиғасы орнын тастап кеткен (ҚР ҚК 347-бабы) айыпталушыға қатысты іс қаралды.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, соттан жеңілдік жасауды сұрады.

Оның кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде сот-медициналық және сот-наркологиялық сараптамаларының қорытындыларымен расталды.

ҚАНДАЙ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ?

Сот сотталушының жас балаларының болуын жеңілдететін мән-жай деп таныды, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

“Сот айыпталушыны өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру арқылы 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сондай-ақ жәбірленуші тарапқа 14 млн теңге көлемінде материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттелді”, - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енді.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.