Қазақстанда Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранды пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңартылған талаптар мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін нақтылап, оларға деген құрметті арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, енді нормативтік құқықтық актілерде «Гимн» атауының орнына «Әнұран» термині қолданылады.
Жаңа қағидаларға сәйкес, жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды ғимараттарға, оның ішінде балкондарға да 45 градус бұрышпен іле алады. Сондай-ақ жеке тұрғын үйлерде Ту жерден кемінде үш метр биіктікте орнатылуы тиіс. Ал түнгі жарықтандыруға қатысты талап алынып тасталды.
Сонымен қатар Мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың киімі мен жабдықтарына орналастыруға рұқсат берілді. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек Мемлекеттік Елтаңбаға ғана берілген болатын.
«Сонымен бірге енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың киімі мен жабдықтарында қолдануға рұқсат етілді. Бұған дейін заңнамада спорттық киімде тек Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесін орналастыруға ғана мүмкіндік берілсе, енді бұл құқық Мемлекеттік Тудың бейнесіне де қолданылатын болды», – делінегн министрлік таратқан хабарламада.
Қағидаларда Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, сондай-ақ оны киім-кешекке, төсек-орын жабдықтарына, дастарқанға, пердеге және тұрмыстық бұйымдарға орналастыруға тыйым салынғаны көрсетілген. Сонымен бірге тозған, жыртылған немесе өңі кеткен Туды пайдалануға да жол берілмейді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, енгізілген өзгерістер мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін біріздендіріп, азаматтар, ұйымдар мен спортшылар үшін ортақ талаптарды айқындауға мүмкіндік береді.