homepage
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Пакеттен табылған сәби: Батыр жаңа отбасын тапты

09.07.2026, 15:53

Ақтөбеде ағаш түбінен пакетке салынған күйде табылған сәби патронаттық отбасыға берілді. Қазір оның денсаулығы жақсы, тыныш, тәбеті де жақсы, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Диапазон» басылымының жазуынша, «Үміт» сәбилер үйінде сәби бір айға жуық болған. Осы уақыт ішінде дәрігерлер оған Батыр есімін беріп, тегін де қойған.

Ақтөбе қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Наталья Головыринаның айтуынша, сәбидің аман қалуының өзі үлкен жеңіс болған. Оны байқап қалған балалар болмағанда, жаңа туған нәресте пакет ішінде ұзақ уақыт оттегісіз жата алмас еді.

«Сәбиді бізге жедел жәрдем қызметі полиция қызметкерлерімен бірге жеткізді. Оның бойынан қатты тоңу белгілері байқалды. Алдымен жансақтау бөліміне жатқызылып, кейін жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды. Көп адам хабарласып, баланы асырап алуға болатынын сұрады. Енді оның отбасы болғанына қуаныштымыз», – деді бас дәрігер.

Дәрігерлердің айтуынша, ауруханада үш апта ішінде нәресте 550 грамм салмақ қосқан. Ауруханаға түскен кезде оның салмағы небәрі 2 990 грамм болған.

Ал «Үміт» сәбилер үйінің бас дәрігері Серік Айтукиннің айтуынша, Батырдың денсаулығы жақсы, мінезі жуас әрі жақсы тамақтанады.

«Оны естелікке суретке түсіріп, жаңа отбасына шығарып салдық. Батыр біздің мекемедегі ең кішкентай балалардың бірі болды. Дәл сол күндері облыстық перинаталдық орталықтан тағы бір жаңа туған сәби келген еді. Өткен аптада ол да отбасы тәрбиесіне берілді», – деді ол.

Еске салайық, нәресте мамыр айының соңында табылған болатын. Оны көрші үйде тұратын 11 жастағы қыз байқап қалған. Ақ пакет қара пакетке салынып, аузы байланып тұрған. Қыз ішінен дыбыс шыққанын естіп, әуелде мысықтың күшігі шығар деп ойлаған. Пакетті ашқанда сәбидің аяғын көріп, ата-анасына хабарлаған. Кейін оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем шақырылып, нәресте ауруханаға жеткізілген.

Қазіргі уақытта баланың анасын полиция әлі іздестіріп жатыр. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 119-бабы («Қауіпті жағдайда қалдыру») бойынша іс қозғалған.