homepage
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Джеки Чан культті фильмін Қазақстанда түсіре бастады

09.07.2026, 15:16

Қазақстанда әйгілі актер Джеки Чан қатысатын Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») культті фильмінің түсірілімі басталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Осыған орай Алматыда ресми шара өтті. 

Оған Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және қазақстандық әрі шетелдік киноиндустрия өкілдері қатысты.

Аида Балаева Джеки Чанға Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, жаңа жобасына сәттілік тіледі.

Рәсім барысында Джеки Чан жас қазақстандық суретшілер және жас кинематографистермен кездесіп, шығармашылық жолда табыс тіледі. Балалар оған өздері салған портреттерін сыйға тартты.

Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытайдың China Film Group Corporation қолдауымен түсіріледі. Жобаны қазақстандық Sәlem Entertainment және гонконгтық Billion Target компаниялары жүзеге асырады.

Түсірілім жұмыстары шілде-қазан айлары аралығында Алматы қаласы, Алматы және Маңғыстау облыстарында өтеді. Қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Күн.

Жоба халықаралық прокатқа шығарылып, Қазақстанның туристік және инвестициялық әлеуетін, сондай-ақ елдің киноөндіріс саласындағы мүмкіндіктерін танытады деген сенім бар.