Астанада Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусіновқа қатысты әкімшілік іс қаралып, сот оны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотының мәліметінше, спортшы жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп, елорда көшелерінде қатарынан үш жол-көлік оқиғасын жасаған.
Сот материалдарына сәйкес, алдымен оның көлігі жерасты автотұрағы қақпасының тіреуіне соғылған. Кейін тағы бір автокөлікпен соқтығысып, инерциямен үшінші көлікке соққан. Бұдан соң Kia Sportage көлігімен соқтығысып, соққының әсерінен аталған көлік Toyota Hilux автокөлігіне соғылған. Соның салдарынан бірнеше көлікке механикалық зақым келіп, материалдық шығын келген.
Сотта Данияр Елеусіновтің кінәсі медициналық куәландыру қорытындысымен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен және оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерімен дәлелденгені айтылды. Оның әрекеті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 3-бөлігі бойынша сараланды.
Сот отырысында спортшы өз кінәсін толық мойындады. Осыған байланысты сот оған заңда көзделген бұлтартпас жаза – 20 тәулік әкімшілік қамау және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын тағайындады.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы маңында Toyota Land Cruiser көлігінің бірнеше жол-көлік оқиғасына қатысып, кейін оқиға орнынан кетіп қалғанын хабарлаған болатынбыз. Полиция көлік тізгінінде Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов болғанын растады.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.