Бүгін Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты іс бойынша сот жарыссөзі аяқталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мемлекеттік айыптаушы Сұлтан Сәрсемәлиевті өзіне тағылған барлық айыптар бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Оған төрт адамды өлтіруден бөлек, ұрлық, алаяқтық, мал ұрлау, сондай-ақ құжаттарды заңсыз иемдену және жасыру баптары бойынша да айып тағылған.
Прокурор қылмыстардың жиынтығы бойынша соттан айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот жарыссөзі барысында Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтіргенін мойындамайтынын тағы да мәлімдеді. Оның айтуынша, Наурыз Мұқанғалиев жанжал кезінде өзін қорғау барысында қаза тапқан. Ал отбасының қалған үш мүшесін өлтіргенін айыпталушы бұған дейін де мойындаған болатын.
Енді сот айыпталушыға соңғы сөз беру рәсімін өткізеді. Одан кейін судьялар үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.
Еске салайық, тергеу нұсқасына сәйкес, өткен жылдың желтоқсан айында Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын, сондай-ақ оның інісі мен қарындасын өлтірген. Тергеу мәліметінше, ол бірнеше апта бойы қылмысты жасырып, марқұмдардың телефондарына келген хабарламаларға жауап берген, олардың қаражаты мен шаруашылығын басқарған.
Осылайша, отбасы мүшелері тірі деген әсер қалыптастыруға тырысқан. Кейін Қазақстаннан кетіп, Индонезияда ұсталған. Артынша ол елге экстрадицияланды.