Атыраудағы резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайы, марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Прокуратура мәліметінше, тергеу барысында оның бұрынғы күйеуінің қылмысын жасырғанын дәлелдейтін жеткілікті айғақтар табылмаған. Осыған байланысты оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылған.
Еске салайық, өткен жылы ерлі-зайыптылар Индонезияның Ломбок аралында ұсталып, бастапқыда екеуіне де адам өлтіру бабы бойынша айып тағылған болатын. Кейін Ақбаян Мұқанғалиеваға тағылған бұл айып қылмыс құрамының болмауына байланысты алынып тасталды.
Сот-психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиеваға медициналық бақылау мен ем қабылдау қажет деп танылған. Қазіргі уақытта ол тиісті ем алып жатыр.
Ал Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Бұған дейін 7 шілдеге жоспарланған сот жарыссөзі электр энергиясының үзілуіне байланысты кейінге шегерілген еді.