Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновті елордалық полиция ұстады. Ол ішімдік ішіп, ролге оытырп, екі бірдей жол-көлік оқиғасына себепкер болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі бірнеше автокөлікпен соқтығысып, кейін оқиға орнынан кетіп қалған. Іздестіру барысында көлік Достық көшесінен табылып, тоқтатылған.
Полиция хабарлауынша, көлік тізгінінде болған 35 жастағы Данияр Елеусіновтен алкогольдік масаңдық белгілері байқалған. Осыған байланысты ол медициналық куәландыруға жіберілген.
Екі жол апатынан ешкім зардап шекпеген, тек бірнеше көлікке зақым келген.
Қазір осы оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр. Медициналық сараптама қорытындысы шыққаннан кейін жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, заң талаптарына сәйкес шешім қабылданады.
Полиция заң бәріне бірдей екенін тағы бір мәрте еске салды.
«Жауапкершілік адамның танымалдылығына, кәсібіне, лауазымына немесе еңбегіне байланысты емес. Заңды бұзған әрбір адам заң алдында жауап береді», – деп мәлімдеді ведомство.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов – 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы және Азияның екі дүркін чемпионы. Кәсіпқой бокста IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанып, IBF Inter-Continental белбеуін де иеленген.