Ақмола облысындағы балабақшалардың бірінде басынан соққы алған үш жасар Айзеренің анасы Алтынай әділдік іздеп жүр. Көпбалалы ана полицияға бірнеше рет арызданғанымен, іс екі мәрте қысқартылған. Сондықтан ол оқиғаның жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі 31-арнаға сілтеме жасап.
Алтынайдың айтуынша, балалар шамамен жарты сағат бойы тәрбиешінің қарауынсыз қалған. Сол кезде балалар Айзереге орындық лақтырған. Соның салдарынан бүлдіршіннің басы қатты жарақат алып, миы шайқалған. 6 наурызда болған оқиғадан кейін қыз ауруханаға жеткізілген. Кейін дәрігерлер оған құрысу синдромы мен эпилепсия диагнозын қойған. Бұрын дені сау болып өскен қызының бүгінгі жағдайына алаңдаған ана оның әр қадамы үшін уайымдайтынын айтады.
«Біз бейнекамерадағы жазбаны көріп, істі қолға аламыз деген кезде, 10-11 наурыз күндері қызымның талмасы ұстап, есінен танып қалды. Ештеңені сезбей, ес-түссіз жатты. Дереу ауруханаға жеткіздік. Келесі күні ғана, дәрілердің көмегімен сағат 11.00 шамасында есін жиды. Толық тексерістен кейін МРТ мен КТ жасалып, дәрігерлер бас миының қатты зақымданып, шайқалғаны туралы қорытынды берді», – деді Айзеренің анасы Алтынай Бикем.
Бүлдіршін қазір дәрігерлердің тұрақты бақылауында, арнайы дәрі-дәрмек қабылдап жүр. Анасының айтуынша, қызының ұстамасы кез келген уақытта қайталануы мүмкін.
Ал балабақша басшылығы тәрбиешінің балаларды қараусыз қалдырғанын жоққа шығармайды. Алайда бұл оқиғаға байланысты тәрбиеші мен балабақша меңгерушісіне тек қатаң сөгіс берілген. Екеуі де әлі күнге дейін қызметтерін жалғастырып келеді.
«Иә, мұндай жағдайдың болғанын мойындаймыз. Сол кезде тәрбиешінің көмекшісі декреттік демалысқа кеткен еді. Оның орнына басқа қызметкер табылып үлгермеді. Тәрбиеші жаңа балаларды қабылдап жатқан сәтте осы оқиға болған. Қазіргі таңда іс тергеліп жатқандықтан, тәрбиеші де, мен де жұмыстан кеткен жоқпыз», - «Болашақ» балабақшасының меңгерушісі Әсем Балғабаева.
Айзеренің анасы полицияға бірнеше рет арызданған. Алайда «қылмыстық құқықбұзушылық құрамы жоқ» деген негізбен іс екі рет қысқартылған. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осы уақыт ішінде қызын емдетуге бар күшін салып жүрген отбасы қомақты қаржылық шығынға ұшыраған. Баланың күтіміне байланысты әкесі де жұмысын тастауға мәжбүр болған.
Алтынайдың айтуынша, кінәлілер заң алдында жауап беріп, оқиғаға әділ құқықтық баға берілуі тиіс.