Қазақстанда жанар-жағармай материалдарын заңсыз шетелге шығаруға қарсы бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, күшейтілген бақылау нәтижесінде 392 заңсыз тасымалдау дерегі анықталып, жалпы көлемі 16 мың литрден астам жанармайдың елден шығарылуына жол берілмеді.
Ведомство хабарлауынша, бақылау тек шекарадағы өткізу бекеттерінде ғана емес, шекара маңындағы жолдарда жұмыс істейтін мобильді топтар арқылы да жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жанармай құю станциялары мен шағын мұнай өңдеу зауыттарының қызметіне күнделікті мониторинг жасалуда.
Күшейтілген тексеру барысында 122 автоцистерна тексерілген. Кейбір жағдайда жанармайдың түрін анықтау үшін сынамалар алынған. Көп жағдайда заңсыз тасымалдаушылар жанармайды көліктерге жасырын орнатылған қосымша бактар мен канистрлерге құйып әкетуге әрекеттенген.
Мәселен, 6 шілдеде Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» өткізу бекетінде жүк көлігінің қосымша багынан 1,2 мың литр дизель отыны табылса, 8 шілдеде Павлодар облысында құжатсыз 4 мың литрден астам бензин тасымалдаған көлік ұсталды.