homepage
Juzmedia.kz

Қазақстандықтарға зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат етілуі мүмкін

08.07.2026, 17:31

Қазақстанда зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша арнайы жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиында мемлекеттік органдар, сарапшылар мен салалық ұйымдар зейнетақы жүйесін жаңғыртудың бірнеше жаңа нұсқасын қарастырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Талқылауға ұсынылған негізгі жобалардың бірі – Сингапур тәжірибесіне негізделген модель. Бұл жүйе азаматтарға міндетті зейнетақы жинағының бір бөлігін зейнет жасына дейін тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, емделуге немесе инвестициялауға пайдалануға мүмкіндік береді. Ұсыныс бойынша аударымдар үш бөлек шотқа бөлінеді, оның бірі тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталады.

Алайда сарапшылар бұл модельдің мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың мүддесін қаншалықты қорғайтынына қатысты қосымша зерттеу қажет екенін айтты.

Сонымен қатар жұмыс тобы тағы екі балама тәсілді қарастырды:

  • Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры азаматтың табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзіміне қарай есептелетін әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізуді ұсынды.
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс беруші аударатын жарнаның 4%-ын азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1%-ын ынтымақты (сақтандыру) жүйеге бағыттауды көздейтін модельді таныстырды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барлық ұсыныстың әзірге сараптамалық талқылау кезеңінде екенін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, түпкілікті шешімдер әр модельдің әлеуметтік әділеттілікке, қаржылық тұрақтылыққа және халықтың түрлі санаттарына ықпалы жан-жақты бағаланғаннан кейін қабылданады.