Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бір апта ішінде төмендеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 24 маусым мен 1 шілде аралығында баға индексі 99,9 пайызды құрап, апталық дефляция тіркелді.
Ең көп арзандаған өнім – қызанақ. Оның бағасы бір аптада 8,5 пайызға төмендеген. Сондай-ақ қияр – 8,3 пайызға, жұмыртқа – 1,5 пайызға, алма 1,1 пайызға арзандады.
Бұдан бөлек, балық, күнбағыс майы және айран бағасы да сәл төмендеген.
Ал кейбір өнімнің құны өсті. Атап айтқанда, қырыққабат 7,9 пайызға, пияз бен картоп 1,9 пайызға, қант 1,6 пайызға қымбаттаған. Күріш, нан және сүт бағасы өзгеріссіз қалды.
Баға 12 өңірде аздап төмендеген. Әсіресе Қызылорда облысында, одан кейін Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай, Түркістан және тағы бірнеше өңірде де азық-түлік бағасы арзандаған.
Сауда және интеграция министрлігі ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Жыл басынан бері 3 980-нан астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өнімдер делдалсыз өндіруші бағасымен сатылған.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған меморандумдар өз күшіне енген.