homepage
Juzmedia.kz

Сайлау қарсаңында заң бұзғандарға жаза күшейеді – Бас прокуратура

08.07.2026, 15:33

ҚР Бас прокуратурасы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына байланысты азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомство сайлауалды үгіт-насихат партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғаннан кейін ғана басталатынын еске салды. Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына сәйкес үгіт жұмыстары 23 шілде сағат 18:01-де басталып, 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады.

Бас прокуратура тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін кез келген сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынатынын, ал бұл талапты бұзғандар заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.

Сонымен қатар сайлаушыларға тауарлар тарату, қызмет көрсету, ақша төлеу немесе осындай уәделер беру арқылы үгіт жүргізуге, сондай-ақ кандидаттар мен саяси партиялардың атынан қайырымдылық акцияларын өткізуге жол берілмейді. Мұндай әрекеттер әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Үндеуде жалған ақпарат таратуға, кандидаттар мен саяси партиялардың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдарды жариялауға болмайтыны да ескертілді.

Бұдан бөлек, қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялау заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуы тиіс. Дауыс беру күні мен оның алдындағы бес күн ішінде сайлау нәтижелеріне қатысты болжамдар мен сауалнама қорытындыларын жариялауға тыйым салынады.

Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушылардың барлығын заң талаптарын қатаң сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырды.