homepage
Видеодан кадр

Елімізде 112 млрд теңгені айналдырған дропперлік желілер әшкереленді

08.07.2026, 14:57

Қазақстанда жыл басынан бері қылмыстық кірістерді заңдастырумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомство мәліметінше, қылмыстық схемаларды ұйымдастырған 40-тан астам адам анықталып, заңсыз әрекеттерге 500-ден астам азамат тартылған. Дропперлердің банк шоттары арқылы жалпы көлемі 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операция жүргізілген. Соңғы екі айдың өзінде мыңнан астам дроп-карта бұғатталған.

Батыс Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастырумен айналысқан халықаралық дропперлік желі анықталды. Тергеу барысында бұғатталған банктік шоттар арқылы шамамен 17 млн теңге өткізілгені белгілі болды. Кейін ұйымдасқан топ мүшелері шот иесі болған 18 жастағы азаматты қорқытып, банктік шоттарға қолжетімділікті қалпына келтіруге мәжбүрлеген.

Осыған ұқсас заңсыз схема Жетісу облысында да әшкереленді. Жергілікті тұрғын әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сеніп, интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты өз банктік шоттары арқылы қабылдаған. Кейін ақшаны криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушылардың әмияндарына аударып отырған. Әр операция үшін комиссия алған.

Ал Түркістан облысында дропперлік схема Telegram мессенджері арқылы басқарылған. Жасырын куратор студенттер мен кәмелетке толмағандарға сыйақы ұсынып, интернет-банкингке қолжетімділікті беруге көндірген. Соның салдарынан 20-дан астам жас тергеуге тартылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі дропперлік схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертіп, азаматтарды өз банктік шоттары мен карталарын бөгде адамдардың пайдалануына жол бермеуге шақырды.