Ұлытау облысында кәсіпорын директорының тергеушіге пара беру әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ІІМ мәліметінше, ер адам алаяқтық дерегі бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша өзіне тиімді шешім шығарту үшін тергеушіге ақша ұсынған.
Алайда тергеуші бұл туралы бірден Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарлаған.
Жедел іс-шара барысында күдікті ақшаны беру кезінде ұсталды. Одан берілмек болған ақша тәркіленіп, өзі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Полиция пара беру Қазақстан заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Мұндай қылмыс үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.