Бурабай курорттық аймағында квадроциклдің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы бір адамның өмірін қиды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 7 шілдеде кешке Зеленый Бор ауылы мен Бурабай кентінің арасындағы автожолда болған. Астаналық 22 жастағы тұрғын тізгіндеген квадроцикл аударылып кеткен.
Полиция мәліметінше, жүргізуші көлікті басқара алмай қалып, квадроцикл аударылған. Ауыр жарақат алған бойжеткен оқиға орнында көз жұмды.
Көлікте бірге болған 2007 жылы туған жолаушы түрлі жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тәртіп сақшылары жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу аясында квадроциклді жалға берген пункттің қызметі де тексерілуде.
Атап айтқанда, мототехниканы жалға беру кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы және қайғылы оқиғаға әсер етуі мүмкін басқа да себептер зерттеліп жатыр.
Полиция азаматтарды квадроцикл мен басқа да мотокөліктерді пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Мамандар жолға шығар алдында техниканың жарамдылығын тексеріп, міндетті түрде қорғаныс құралдарын киюге және қауіпсіз жылдамдықты сақтауға кеңес береді.