homepage
juzmedia.kz

Құрылтай сайлауы: әр тұрғын өзін сайлаушылар тізімінен тексере алады

08.07.2026, 11:49

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы азаматтарға алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауына дейін өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін қалай тексеруге болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Айта кетейік, Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Ел бойынша 10 427 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

ОСК мәліметінше, сайлаушылар тізімін азаматтардың тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органдар Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасы негізінде жасақтайды.

Тізімге дауыс беру күні 18 жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тиісті сайлау учаскесінің аумағында тұрақты тіркелген Қазақстан азаматтары енгізіледі.

Сонымен қатар уақытша тіркеуде тұрған азаматтар да 2026 жылғы 23 шілдеге дейін өтініш берген жағдайда сайлаушылар тізіміне енгізіле алады. Бұл мүмкіндік әсіресе дауыс беру күні тіркелген мекенжайында болмайтын азаматтарға, басқа қалада білім алып жүрген студенттерге және вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерге арналған.

Азамат бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіледі.

ОСК-ның хабарлауынша, 2026 жылғы 7 тамыздан бастап қазақстандықтар өздерінің нақты қай сайлау учаскесінің тізіміне енгізілгенін тексере алады. Ол үшін тиісті әкімдіктің интернет-ресурсына кіріп немесе колл-орталығына хабарласуға болады.

Айта кетейік, биылғы сайлау жаңа Конституция негізінде өтеді. Көктемдегі республикалық референдумнан кейін Қазақстанда бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылды. Оның құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді.

Орталық сайлау комиссиясы бұған дейін Құрылтай депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспарын бекіткен болатын.