homepage
Фото: FIFA

Мысырдың мысын 10 минутта басты

08.07.2026, 10:17

Түнде футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Аргентина құрамасы мен Египеттің арасында финалға бергісіз өте тартысты ойын өтті. Аргентина мысырлықтарды 3:2 есебімен жеңіп, турнир тарихындағы ең ғажап камбэктердің бірін жасады.

Атлантадағы «Мерседес-Бенц Стэдиум» аренасында өткен бұл кездесу нағыз драма мен триллерге толы болды. Алма-кезек шабуылмен басталған кездесудің басында мысырлықтар мықты болды. 15-минутта алаң ортасына алыстан әуелете берілген пасқа Яссер Ибрагим бірінші жетіп, допты басымен қарсылас қақпасына шегелеп тастады. Есеп 0:1. Египет алға шықты. Аргентина да шабуылды үдеткенімен, Мысыр қақпашысы Мостафа Шобейр мыңқ етпеді. Бірінші таймда Николас Тальяфико пенальти алды. Алайда, Шобейр Лионель Мессидің 11 метрден тепкен соққысын оп-оңай қайтарып, жаһанның жағасын ұстатты. Бұл Мессидің осы әлем чемпионатында соға алмаған екінші пенальтиі.

Екінші таймда мысырлық Зико қарсы шабуылда гол соққанмен, VAR төрешілері Лисандро Мартинеске қарсы тәртіп бұзылғанын анықтап, голды есепке алмады. Египет сонда да берілмеді. Екпіндете түсті. 67-минутта Мохамед Салах пен Хассан ұйымдастырған жылдам қарсы шабуылды Зико өз пайдасына шешіп, Аргентина қақпасына аңырата гол соғып, қадап тастады. Есеп 0:2. Стадиондағы жұрт пен теледидарға телмірген миллиондаған жанкүйер аң-таң. Египет сенсация жасауға екі-ақ елі қалды. Ғажап десті. Бірақ…

Бірақ, ойынның 79-минутында Кристиан Ромеро Месси берген пасты мүлт жібермей, есеп айырмасын қысқартты. 1:2. Ойынға от түсті. Талас пен тартыс күшейді. 83-минут. Лионель Месси айып алаңы алдындағы қарбалас кезінде әуелеп келген допты жерге түсірместен шіріне тартқан. Мұндай допты қайтаратын мұрша қайда?! Доп маңдайшаға тиіп барып, қатты серпіліп қақпа ішінен табылды. Есеп 2:2. Осылайша пенальтиден соға алмаған Месси ойында керемет гол салып, өз қателігін жуып-шайды және есепті теңестірді. Бұл Мессидің әлем чемпионаттарындағы 21-ші голы. Ойын қосымша уақытқа ұласқан тұста тараптар, тең ойынға келіскендей қарқын сәл бәсеңдеген. 92-минутта Лаутаро Мартинестің оң қанаттан асырған пасынан кейін Энцо Фернандес баспен жеңіс гол соғып, аргентиналықтарды алға шығарды. Есеп 3:2.

Бұл гол әлем чемпионаттары тарихындағы 3000-шы мерейтойлық гол болып тіркелді. Мысыр бапкері Хоссам Хассан күлі ойын бойы Аргентинаның допты бақылауына әдейі мүмкіндік беріп, Салахтың жылдамдығы арқылы қарсы шабуылға арқа сүйеп отырған. Бірақ бұл жоспардың 75-минуттан кейін күл паршасы шықты. Осыдан кейін Лионель Скалони шәкірттері қысымды күшейтті. Не бел, не белбеу деді. Ал мысырлық қорғаушылар шаршап қалды ма, соңғы минуттарда позициялық қателіктер жібере бастады. Ет қызуымен эмоцияға берілді. Ал алаңға тыңнан қосылған Гонсало Монтиель мен Лаутаро Мартинес шабуылға үлкен леп, жаңа серпін берді. Сөйтіп бас-аяғы он-ақ минутта Мысырдың мысын басып, айды аспанға бір-ақ шығарып, үш гол соқты. Ойын аяқталар тұста Мысыр бапкері мен ойыншылары төреші Франсуа Летексьенің шешімдеріне наразылық білдіреміз де бірнеше ескерту алып, жазаланды. Ал 39 жастағы Лионель Месси бастаған команда нағыз чемпионға тән мінез көрсетті. Сөйтіп футболдың қазіргі королі 5 рекордты жаңартты. Дәл қазір Месси әлем чемпионаты тарихындағы ең үздік сұрмерген. 21 голдың авторы. Әрі әлем чемпионаты тарихындағы ең үздік пас беруші. 9 ассист. Әлем чемпионатындағы ойындар саны бойынша рекордшы. 31 ойын. Әлем чемпионаты ойындарында қатарынан 9 гол соққан футбол тарихындағы алғашқы сұрмерген. Әлем чемпионаты плей-офф ойындарында қатарынан 6 гол соққан тарихтағы тұңғыш футболшы… деп санасай берсең саусақ жетпейтін рекордттарды тарих тасына мәңгі қашап тастады...

Әлем чемпионатының 1/8 финалы аясындағы тағы бір тартысты кездесу Ванкувердегі «Би-Си Плэйс» аренасында өтті. Швейцария мен Колумбия құрамалары арасындағы матчтың негізгі және қосымша уақыты 0:0 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясында Швейцария 4:3 есебімен жеңіске жетті. Бұл жеңіс арқылы швейцариялықтар 1954 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.

Кездесуге келер болсақ, қос құрама да қорғанысқа ерекше мән берді. Бірінші таймдағы ең қауіпті сәтті колумбиялық Густаво Пуэрта жасады. Оның 21-минутта шірене тартқан соққысын Швейцария қақпашысы Грегор Кобель асқан шеберлікпен қайтарды. Швейцария сапынан Фабиан Ридер жауап қатқанымен, Колумбия қақпашысы Камило Варгас өз орнынан табылды.Екінші таймда да жағдай өзгере қоймады. 91-минутта Дан Ндойенің соққысы қиыс кетіп, ойын экстра-таймдарға ұласты. Овертаймда Колумбия есепті ашуға өте жақын болған. Қорғаушы Джон Лукуми баспен соққы жасағанда доп маңдайшадан кері серпілді. Ойынның 115-минутында швейцариялықтардың капитаны Гранит Джака өз айып алаңының маңында өрескел қателік жіберді. Алайда, колумбиялық шабуылшы Хаминтон Кампаз қақпашымен жеке дара шыққанымен тепкен добы айдалаға кетті. Сөйтіп ойын пенальти сериясына ұласты. Колумбиялықтар бірінші болып бастап, Хуан Кинтеро мен Хаминтон Кампаз өзмүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Бірақ Давинсон Санчестің соққысы маңдайшаға тиді. Ал ең шешуші сәтте Кучо Эрнандестің соққысын Грегор Кобель оңға оңай секіріп допты қайтарып, матчтың басты қаһарманына айналды. Луис Диас соңғы пенальтиді соққанымен, бұл жеткіліксіз болды. Себебі, Швейцария тарапынан Гранит Джака, Зеки Амдуни және Седрик Иттен қақпаны дәл көздеді. Қорғаушы Мануэль Аканджи допты аспанға теуіп қателескенімен, алаңға тыңнан қосылған Рубен Варгас соңғы бесінші соққы да қателеспеді. Сөйтіп ол Швейцарияға тарихи жеңіс сыйлады. Ал, Швейцария құрамасының қақпашысы Грегор Кобель ойын барысында да, пенальти сериясында да мінсіз ойнап, ресми түрде матчтың үздік ойыншысы атанды.

Жалпы, Швейцария бұл матч алдында жайсыз жағдайға тап болған. Турнир барысында 3 гол соғып үлгерген 20 жастағы жас жұлдыз Йохан Манзамби жаттығу кезінде тізесінен жарақат алып, алаңға шыға алмады. Бұл Швейцарияның шабуылдағы қарқынына қатты әсер етті. Ванкувердегі стадион толығымен Колумбияның сары түсті жейдесіне оранған. Оңтүстік Америкадан келген жанкүйерлер Швейцария ойыншылары допқа тиген сайын ысқырып, үлкен психологиялық қысым жасады. Бірақ еуропалықтар бұны елемеді. Еркін ойнап, қатты қысымға сәтті төтеп берді. Осылайша, ширек финалдың соңғы жұбы анықталды. Енді Швейцария құрамасы жартылай финал жолдамасы үшін Лионель Месси бастаған Аргентинамен кездеседі.

Бекәлі Жәдік