Бүгін Астанада Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) кезектен тыс съезі өтті. Оның барысында партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданып, 72 кандидаттан тұратын партиялық тізім мақұлданды.
Елдің барлық өңірлерінен келген делегаттар алдында Қазақстан Халық партиясының осыдан он күн бұрын сайланған жаңа төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов баяндама жасады.
“Халқымыз үшін жаңа кезең басталды. Жаңа Конституция қабылданады. Бұл құжат бүгін де, болашақта да халыққа қызмет етеуі тиіс. Оған біздің партияның қосқан үлесі зор. Бүгін Қазақстан Халық партиясы үшін тарихи күн. Біз партияның стратегиялық бағдарламасын бекітеміз. Осы бағытта еңбек ететін мықты кандидаттарды ұсынамыз”, – деді ол.

ҚХП төрағасының айтуынша. партияның ұстанымы өзгеріссіз қалады. Ол – Қазақстанның табиғи байлығы, ең алдымен, оның азаматтарының әл-ауқатына жұмыс істеуі керек. ҚХП үшін әлеуметтік басымдық – құрғақ есеп емес, халықтың әлсіз топтарын нақты істермен қолдау. Яғни, партия аналарды қолдау, ерекше балалары бар отбасыларға көмектесу және еңбек адамының құқықтары үшін қатаң күресті жалғастыра бермек.
Бағдарламаны талқылау барысында бірқатар сарапшылар сөз сөйледі. Мысалы, білім беру саласының маманы Лейлә Күленованың пікірінше, партияның сайлауалды бағдарламасында мектепке дейінгі және мектептегі білім беруге баса назар аударылған, ал бұл елдегі өзекті мәселенің бірі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамен директоры Серік Беркамалов еңбек адамын қорғау мәселесі ҚХП-ның жаңартылған платформасының негізіне айналғанына қуанғанын жеткізді.

Партиялық тізім – 72 кандидаттан тұрады. Оның құрамында заңгерлер, экономистер, мұғалімдер, дәрігерлер, сондай-ақ қоғамдық пікір көшбасшылары бар. Бүгін мінберден тәжірибелі депутат Ирина Смирнова мен партияға енді келіп қосылған Аша Матай сөз сөйлеп, командаға қолдау білдірді.
Съезд барысында партияның Саяси кеңесінің құрамы толық жаңартылды, оның стратегиялық міндеттерін Эльмира Әуезова, Ләззат Сүлейменова және Балжан Досмұхамбетова таныстырды. Айпақшы, съезд барысында Нұрсұлтан Шоқанов саясаттағы сабақтастық мәселесін көтеріп, Ермұхамет Ертісбаевқа принципшілдігі, қайсар мінезі мен саяси мектеп қалыптастырғаны үшін алғысын білдірді.
Съездің соңында партияның бағдарламалық үндеуін актриса Венера Нигматуллина мен ҚР Халық әншісі Тамара Асар оқып берді. Съезд соңында партия төрағасы делегаттарды енжарлықты жеңуге, Халық партиясының Қазақстан азаматтарының сеніміне лайық екенін іспен дәлелдеуге шақырды.