homepage
Juzmedia.kz

Қазақстанда ҰБТ-ның жаңа баламасы әзірленіп жатыр

07.07.2026, 17:48

Қазақстанда болашақта Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) алмастыруы мүмкін жаңа қабылдау емтиханының моделі әзірленіп жатыр. Бұл туралы Астанада өткен кездесуде білім беру саласындағы әлемдік жетекші ұйымдардың бірі – ETS халықаралық ұйымы ұсынған зерттеу нәтижелерінде айтылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа Admissions Insight Test (AIT) емтиханы талапкерлердің тек пәндік білімін ғана емес, сыни ойлау, талдау жасау, ақпаратпен жұмыс істеу, академиялық мәтіндерді түсіну және өз ойын дәлелді жеткізу қабілеттерін де бағалауға бағытталған.

Сондай-ақ жаңа модельде тест тапсырмаларының сапасын арттыру, бағалау рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін күшейту, жасанды интеллект технологияларын пайдалану және тест нұсқаларын автоматты түрде қалыптастыру мәселелері қарастырылған.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жаңа жүйе бірден енгізілмейді. Алдымен ол пилоттық сынақтан өтеді, ал осы кезеңде қолданыстағы ҰБТ жүйесі бұрынғыдай жұмысын жалғастыра береді. Барлық өзгерістер кезең-кезеңімен енгізілмек.