Әлемнің жетекші ақпараттық телеарналарының бірі Euronews алғаш рет Орталық Азияда қазақ тілінде халықаралық жаңалықтар таратуды бастайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін Қазақстан аумағында Euronews тек орыс тілінде хабар таратып келген. Енді телеарнаның интернет платформасында қазақ тіліндегі жаңалықтар, сұхбаттар мен арнайы шығарылымдар жарияланады.
«Бүгін біз отандық медиа саласы мен мемлекеттік тілдің дамы үшін маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Бұл – шын мәнінде тарихи кезең», - деді спикер баспасөз конференцсында.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдап, медиа корпорациямен ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады.
Президент Euronews-тің қазақ тілінде хабар тарата бастауын құптап, бұл өзара тиімді серіктестіктің маңызды қадамы екенін атап өтті. Өз кезегінде Педро Варгас Давид қазақ тілі Euronews желісінде қолданылатын Орталық Азия халықтарының алғашқы тілі болғанын айтты.
Кездесуде Қазақстанды халықаралық ақпараттық кеңістікте кеңінен танытуға және бірлескен медиа жобаларды іске асыруға қатысты мәселелер де сөз болды.