ҚР Конституциялық соты жаңа Конституциядағы лауазымдық өкілеттік мерзімдеріне қатысты шектеулердің қалай қолданылатынын ресми түрде түсіндірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сотқа Президент 1995 жылғы Конституция бойынша мемлекеттік қызмет атқарған тұлғалардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін сол лауазымдарға қайта сайлана немесе тағайындала ала ма деген мәселе бойынша өтініш жолдаған.
Конституциялық соттың 2026 жылғы 7 шілдедегі №89-НҚ нормативтік қаулысына сәйкес, 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңдегі қызмет мерзімдері мен сайлану немесе тағайындалу фактілері жаңа Конституциядағы шектеулерді қолдану кезінде есепке алынбайды.
Соттың түсіндіруінше, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституцияда белгіленген шектеулер тек осы Конституция күшіне енгеннен кейінгі сайлау немесе тағайындау жағдайларына ғана қолданылады. Сондықтан 1995 жылғы Конституция кезеңінде атқарылған қызмет жаңа Конституция бойынша қайта сайлануға немесе тағайындалуға құқықтық кедергі болмайды.
Осыған байланысты, 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін аталған лауазымдарға сайлану немесе тағайындалу алғашқы сайлану немесе тағайындалу ретінде қарастырылады.
Бұл түсіндірме Президент лауазымына да қатысты. Яғни, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Президент болып сайланған тұлғаның өкілеттік мерзімі бірінші мерзім болып есептеледі.
Демек, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция талаптарына сәйкес қайтадан президенттікке кандидат бола алады.