homepage
Juzmedia.kz

Қазақстанда алма импортына тыйым салынбақ

07.07.2026, 13:00

Қазақстанда алма импортына уақытша тыйым салу мәселесі қоғамдық талқылауға шығарылды. Тиісті бұйрық жобасын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 тамыз бен 31 желтоқсан аралығында үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерден автомобиль, теміржол және су көлігі арқылы Қазақстан аумағына алма әкелуге тыйым салу ұсынылып отыр.

Алайда бұл шектеу алма транзитіне, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттің аумағынан екінші мүше мемлекеттің аумағына Қазақстан арқылы тасымалданатын өнімге қолданылмайды.

Министрліктің мәліметінше, бұйрық жобасы Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2026 жылғы 5 маусымдағы шешімі негізінде әзірленген.

Ведомствоның түсіндіруінше, уақытша тыйым отандық алма өндірушілерін қолдау және олардың өнімінің тұрақты өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында енгізілмек.

Әзірлеушілердің бағалауынша, аталған бұйрық қабылданған жағдайда қандай да бір теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдар туындамайды.

Айта кетейік, бұйрық жобасы қазіргі уақытта қоғамдық талқылау кезеңінде. Талқылау 2026 жылғы 8 шілдеге дейін жалғасады.