homepage
polisia.kz

Алматыда ер адам өгей әкесін пышақтап өлтірді

07.07.2026, 12:38

Алматының Алмалы ауданында болған отбасылық жанжал адам өлімімен аяқталды. 59 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмды. Күдікті ретінде оның 34 жастағы өгей ұлы ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Полиция мәліметінше, оқиға түнгі сағат 03:00 шамасында Брусиловский көшесіндегі үйлердің бірінде болған. «102» арнасына пышақтасу туралы хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы дереу жеткен.

Дәрігерлер зардап шеккен азаматтың өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ол көптеген пышақ жарақаты мен көп қан жоғалту салдарынан қайтыс болған.

Құқық қорғау органдары күдіктіні оқиға болғаннан кейін көп ұзамай қолға түсірді. Алдын ала мәлімет бойынша, отбасылық жанжал кезінде 34 жастағы өгей ұл асүй пышағымен өгей әкесіне бірнеше рет соққы жасаған.

Күдіктінің айтуынша, жанжалға анасына қатысты келіспеушіліктер себеп болуы мүмкін. Алайда тергеу бұл нұсқамен қатар оқиғаның өзге де ықтимал себептерін тексеріп жатыр.

Аталған факті бойынша адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта тергеушілер қылмыстың мән-жайы мен нақты себептерін анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.