Ақтау қаласы маңындағы демалыс базасы маңында Каспий теңізінде ер адам мен оның ұлы суға батып кете жаздады. Демалушылардың жедел әрекетінің арқасында жасөспірім құтқарылғанымен, әкесінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға әйел адамның көмекке шақырған жанайқайынан кейін белгілі болған. Осы сәтте бірнеше демалушы еш ойланбастан теңізге секіріп, қатты толқынға қарамастан судағы адамдарға көмек көрсетуге ұмтылған.
Алдымен жасөспірім құтқарылған. Кейін оның әкесінің әлі де суда қалғаны анықталып, куәгерлер ер адамды да жағаға алып шыққан. Алайда ол кезде ер адам ес-түссіз болған.
Жедел қызмет өкілдері келгенге дейін демалушылар бір сағаттан астам уақыт бойы жүрек-өкпе реанимациясын жасаған. Кейін құтқарушылар мен екі жедел жәрдем бригадасы көмек көрсеткенімен, дәрігерлер ер адамның көз жұмғанын мәлімдеді.
Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиға құтқарушылар кезекшілік етпейтін, шомылуға арналмаған жағалау бөлігінде болған. Бұған қоса, бұл аумақта ұялы байланыс тұрақсыз болғандықтан, жедел қызметтерді шақыру қиындаған.
Сондай-ақ куәгерлердің айтуынша, жол талғамайтын көлік жүргізушілерінің бірі құтқарушылар мен дәрігерлерді оқиға орнына жеткізуге көмектескен. Себебі жедел жәрдем көлігі құмды жағалаумен жүріп өте алмаған.
Дәрігерлер құтқарылған жасөспірімді және құтқару жұмыстарына қатысқан азаматтардың бірін тексеріп, оларға оқиға орнында медициналық көмек көрсетті.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті анықтап жатыр.
Құтқарушылар азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға, теңіз қатты толқып тұрған кезде суға түспеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.