homepage
Фото: FIFA

Трамп тыраштанғанымен АҚШ-тың аяғы аспаннан келді

07.07.2026, 10:56

Түннен бері жер жаһандағы Роналду жанкүйерлері жабырқаулы. Енді олар өздерінің сүйікті "симулянт»ойыншысын" ешқашан халықаралық жарыстардан көре алмайды. Өйткені, түнде әлем чемпионатының 1/8 финалында Испания құрамасы Португалияны 1:0 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Сөйтіп Далластағы стадионда өткен бұл кездесу Криштиану Роналдудың әлем чемпионаттарындағы мансабына нүкте қойды.

Бірінші таймда тараптар өте сақ ойнады. Қос құрама да қорғанысқа басымдық беріп, тәуекелге бармады. Португалиялық Нуну Мендештің соққысы маңдайшадан қайтса, Испания сапынан Микель Оярсабальдың бірнеше мүмкіндігі нәтижесіз аяқталды. Сөйтіп бірінші тайм 0:0 есебімен бітті. Екінші таймда қос бапкер де тың ойыншыларды алаңға шығарды. Португалия сапына Рафаел Леау мен Бернарду Силва қосылды. Бірақ матч тағдырын Луис де ла Фуэнтенің өзгерістері шешті. 90+1 минутта алаңға тыңнан қосылған Ферран Торрестің пасынан кейін, тағы бір қосалқы құрамнан шыққан ойыншы Микель Мерино допты қақпаға дәл бағыттап, есеп ашты. 1:0.

Матчтың 96-99 минуттарында Португалияда есепті теңестіретін екі мүмкіндік болды. Бернарду Силва мен Жоау Невештің баспен бағыттаған соққылары қақпадан қиыс кетті. Жалпы кездесу барасында Родри мен Педри бастаған Испанияның жартылай қорғанысы допты бақылауда ұстап, Португалияның шабуыл бастауына мүлдем мүмкіндік бермеді. Осылайша Испания қорғанысы осы турнирде қатарынан 6 матч бойы өз қақпасына гол жібермей, біріншілік тарихындағы бірегей рекордты орнатты. Ляпорт пен Кубарси болса, Роналдуды ойыннан мүлдем оқшаулап тастады. Роберто Мартинестің шешімдері Португалия ойынына өзгеріс әкеле алмаса, Де ла Фуэнтенің Торрес пен Мериноны алаңға шығаруы жеңіс сыйлады. Ал 41 жастағы Криштиану Роналду үшін бұл мансабындағы соңғы әлем чемпионаты. Ол осы турнирде 6 бірдей әлемдік додада гол соққан алғашқы ойыншы ретінде тарихқа енгенімен, Испанияға қарсы ойында өзін көрсете алмады. Матчтан кейінгі оның көз жасы күллі жанкүйерлерін мұңға батырды. Енді ширек финалда Испания Бельгиямен кездеседі.

Ал таң ата болған ойында Бельгия құрамасы турнир қожайындарының бірі АҚШ-ты 4:1 есебімен тас-талқан етіп ұтып, ширек финалға жолдама алды. Сиэтлдегі «Люмен Филд» стадионында өткен бұл кездесуде АҚШ қорғанысы мен қақпашысының өрескел қателіктері матч тағдырын шешті. Бельгияның белсенділігімен басталған ойынның 10-минутында Леандро Троссардтың айып алаңына асырған пасынан кейін АҚШ қорғаушылары допты қайтара алмады. Мұны тиімді пайдаланған Шарль Де Кетеларе есеп ашты. 1:0. 31-минутта АҚШ сапынан Малик Тилльман айып соққысын мінсіз орындап, есеп теңестірді. Бұл гол Сиэтлдегі жанкүйерлерге үміт сыйлаған. Бірақ, есеп теңескеннен кейін арада небәрі 116 секунд өткенде яғни 33-минутта тағы да Троссардтың сол қанаттан асырған добын Де Кетеларе қақпаға баспен қадап, дубль жасады. Есеп 2:1. 57-минутта АҚШ қақпашысы Мэтт Фриз айып алаңынан шығып, доп тебем деп өрескел қателік жіберді. Допты іліп әкеткен Бельгия шабуылы сәтті аяқталып, Ханс Ванакен бос қалған қақпаға алыстан гол салып, есепті 3:1-ге жеткізді. Осы голдан кейін көп ұзамай АҚШ құрамасының капитаны әрі басты жұлдызы Кристиан Пулишич аяғынан жарақат алып, алаңнан кетті. Бұл АҚШ-тың соңғы үмітін үзді. Сосын 90+2 минутта АҚШ қорғаушысы Крис Ричардстың доптан айырылғанын сәтті пайдаланған Ромелу Лукаку тамаша рейд жасап, қорытынды есепті 4:1-ге жеткізді. АҚШ бапкері Маурисио Почеттино ойыннан кейін команданың матчқа мүлдем кіріге алмағанын айтты. АҚШ-тың артқы шебі Бельгияның жылдам шабуылдары мен қос қанаттан асырылған доптарына мүлдем төтеп бере алмады. Бұған дейінгі матчтарда небәрі 1 гол жіберген Мэтт Фриз осыойында мансабындағы ең нашар матчтардың бірін өткізді. Үшінші голдағы қателігі команданың рухын толық түсіріп тастады. Матч алдында АҚШ шабуылшысы Фоларин Балогунның қызыл қағазына байланысты үлкен дау туындап, тақырып тіпті саяси деңгейде талқыланған еді. Ол алаңға шыққанымен, Бельгия қорғанысы оны толық тұсап тастады. АҚШ бүкіл ойын бойы қарсылас қақпасына жарытып соққы жасай алмады. Осы жеңілістен кейін 2026 жылғы әлем чемпионатының үш қожайыны да (Канада, Мексика, АҚШ) 1/8 финалда турнирден тыс қалды. 

Айтпақшы, АҚШ Президенті Дональд Трамптың FIFA басшылығына қоңырау шалып, АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балогунның қызыл қағазын жойғызуы кешелі бері көп талқыланып, бұл мәселе футбол тарихындағы ең үлкен саяси жанжалдардың біріне айналды. Естеріңізде болса, 1/16 финалдағы АҚШ пен Босния және Герцеговина матчында АҚШ-тың бас шабуылшысы әрі сұрмергені Фоларин Балогун қарсыласының тобығын басқаны үшін тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған. FIFA ережесі бойынша бұл автоматты түрде келесі матчқа (Бельгияға қарсы) қатысуға тыйым салуы тиіс-тұғын.Алайда, матч аяқталған бойда АҚШ билігі мен футбол шенеуніктері бұл шешімді жоққа шығару үшін жабыла іске кіріскен. Нью-Йорк Таймс басылымының хабарлауынша, Дональд Трамп FIFA Президенті Джанни Инфантиноға жеке телефон соғып, төрешінің шешімін қайта қарауды талап еткен. Оны Трамптың өзі растап; «Мен Инфантиноға бұл шешімнің сұмдық екенін айттым, бірақ қысым жасаған жоқпын. Мен тек әділдікті және әлем чемпионатында үздік ойыншылардың өнер көрсеткенін қаладым», деп мәлімдеді.

Трамптың араласуынан кейін FIFA тәртіптік комитеті ережеде сирек қолданылатын бапты негізге алып, Балогунның бір матчтық жазасын 1 жылдық сынақ мерзіміне ауыстырып, оның Бельгияға қарсы ойнауына рұқсат берді. Бұл әлем чемпионаттары тарихында 1962 жылдан бері алғаш рет тікелей қызыл қағаз жазасының күшін жойған оқиға ретінде тіркелді. Өз кезегінде FIFA-ның бұл шешімі футбол қауымдастықтарының қатаң сынына қалды. Бельгия футбол қауымдастығы FIFA-ның бұл қадамына «таңғалғанын» айтып, ресми түрде шағым түсірді. Олар мұны «саяси қысым» және «әділ ойын (Fair Play) принциптерін аяқасты ету» деп айыптады. Ал Еуропалық футбол одағы (UEFA) FIFA-ның бұл әрекетін «түсініксіз әрі ақылға сыйымсыз» деп бағалап, FIFA-мен қарым-қатынасты үзуге дейін баратынын ескертті. Англия құрамасының бапкері Томас Тухель де бұл шешімге қайран қалып; «енді кез келген қызыл қағазды президенттер шешетін бола ма?» деп мысқылдаса, FIFA-ның бұрынғы басшысы Зепп Блаттер де үнсіз қалмай; «қызыл қағаздар саяси қоңыраулармен жойылмайды. Футбол саяси ықпалдың ойыншығына айналмауы тиіс»,-деп мәлімдеді. Осы даудың нәтижесінде алаңға негізгі құрамда шыққан Фоларин Балогун АҚШ құрамасына ешқандай көмек көрсете алмады. Оны Бельгия қорғанысы мүлдем тұсап тастады. 

Ең қызығы, матч барысында Бельгия ойыншылары гол соққаннан кейін Дональд Трамптың сайлауалды науқандарда билейтін әйгілі биін салып, АҚШ Президенті мен оның осы ойынға араласуын алаңда тұрып келемеждеді. Қазір әлеуметтік желілерде бұл сәт «Бельгияның Трампқа қайтарған жауабы» ретінде қызу талқыланып жатыр.Сөйтіп, Трамп қанша жерден тыраштанғанымен АҚШ-тың аяғы аспанан келіп, турнирден шығып қалды.

Бекәлі Жәдік