Ақтау қаласының жағажайларынан Каспий итбалықтарының өлекселері табылды. Қазір мамандар қырылған жануарлардың нақты санын анықтап, оқиғаның себебін тексеріп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Маңғыстау облыстық Экология департаментінің мәліметінше, өлі итбалықтар 3 шілдеде анықталған. Қазіргі уақытта мамандар жағалау аумағын толық тексеріп, табылған өлекселерді есепке алу жұмыстарын жүргізуде.
Оқиғаның себептерін анықтау мақсатында экология департаментінің қызметкерлері итбалықтар табылған аумақтан теңіз суының сынамаларын алған. Зертханалық сараптама нәтижелері шыққаннан кейін қосымша ақпарат жарияланады.
Әзірге жануарлардың неден қырылғаны туралы ресми қорытынды жасалған жоқ.
Айта кетейік, Каспий итбалығы – әлемде тек Каспий теңізінде ғана тіршілік ететін бірегей жануар. Ол Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және саны жыл сайын азайып келеді.
Соңғы жылдары Каспий жағалауынан өлі итбалықтардың табылуы жиілеп кеткен. Мамандар бұған теңіздің ластануы, жұқпалы аурулар, балық аулау торларына түсу, азық қорының азаюы және климаттың өзгеруі сияқты бірнеше фактор әсер етуі мүмкін екенін айтып келеді. Дегенмен әрбір мұндай жағдай бойынша нақты себеп тек зертханалық сараптамадан кейін ғана анықталады.