Украина Омбы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасады. Бұл – Ресейдің ең ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі.
Бұл кәсіпорын Украинамен шекарадан шамамен 2,5 мың шақырым жерде орналасқан.
Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко алдымен тұрғындарға ұшқышсыз ұшу аппараттарының қаупі туралы ескерту жасап, кейін Ресейдің әуе қорғаныс күштері украиналық дрондарды атып түсіргенін және шабуыл салдары нақтыланып жатқанын хабарлады. Кейінірек губернатор бірнеше дронның қаланың солтүстік өнеркәсіптік аймағына дейін жеткенін мойындады. Алайда соққының дәл Омбы мұнай өңдеу зауытына тигені туралы мәлімдеме жасаған жоқ.
Омбы мұнай өңдеу зауыты – мұнай өңдеу көлемі бойынша Ресейдегі ең ірі кәсіпорын. Ол «Газпром нефть» компаниясының құрамына кіреді.
Соңғы уақытта Украина әскері Ресейдің еуропалық бөлігіндегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалатын шабуылдардың қарқынын күшейткен. Соның салдарынан Ресейдің бірқатар өңірінде жанармай тапшылығы байқалып отыр.
Ал, Ресей әскері Украина астанасы Киевке соққыларын күшейтті.