homepage
фото ашық дереккөзден

Шри-Ланка түрмесінде бүлік шығып, 25 адам қаза тапты

06.07.2026, 17:41

Шри-Ланканың батысындағы Негомбо қаласындағы түрмеде болған бүліктен қаза тапқандар саны 25 адамға жетті. Сондай-ақ 100-ге жуық адам түрлі деңгейде жарақат алған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жергілікті полиция хабарлағандай, қаза тапқандардың бесеуі – түзеу мекемесінің қызметкерлері. Зардап шеккендердің арасында түрме күзетшілері мен қауіпсіздік күштерінің өкілдері де бар.

Оқиға жексенбі күні жергілікті уақытпен сағат 13:00 шамасында басталған. Түрмедегі екі топ тұтқын арасында жанжал туындап, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Кешке қарай жағдай бақылауға алынғанымен, дүйсенбі күні таңертең қақтығыс қайта өршіген.

Жараланғандардың бір бөлігі Негомбо қаласының ауруханаларына жеткізілсе, ауыр халдегі азаматтар ел астанасы Коломбодағы Ұлттық ауруханаға ауыстырылған.

Билік жағдайды тұрақтандыру үшін Негомбо түрмесіндегі сотталғандарды елдің басқа түзеу мекемелеріне кезең-кезеңімен көшіру жұмыстарын бастап кетті.

Әзірге тәртіпсіздіктің нақты неден шыққаны ресми түрде жарияланған жоқ. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Шри-Ланкадағы түзеу мекемелерінде соңғы жылдары тұтқындардың шамадан тыс көп болуы, инфрақұрылымның тозуы және қауіпсіздік мәселелері жиі көтеріліп келеді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай факторлар түрмелердегі жанжалдар мен жаппай тәртіпсіздіктердің туындауына әсер етуі мүмкін. Негомбодағы соңғы оқиға да елдегі пенитенциарлық жүйедегі өзекті мәселелерді тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды.