homepage
© REUTERS / TROY TAORMINA

Роналду соңғы әлем чемпионатын өткізіп жатқанын мәлімдеді

06.07.2026, 16:18

Португалия құрамасының шабуылшысы, әлемдік футбол аңызы Криштиану Роналду 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты оның мансабындағы соңғы мундиаль болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

41 жастағы шабуылшы бұл туралы Испания құрамасына қарсы 1/8 финалдық ойын алдындағы баспасөз мәслихатында айтты.

«Мен бұл чемпионаттан барынша ләззат алғым келеді. Иә, бұл – менің соңғы әлем чемпионатым. Сондықтан әр сәттің қадірін білу керек», – деді Роналду.

Сонымен қатар португалиялық жұлдыз әлем чемпионатынан кейін бірден ұлттық құрамамен қоштаспайтынын да жеткізді.

«Мен мансабымды өзім қалаған кезде аяқтаймын, басқалар қалаған кезде емес. Алаңда ойнасам да, қосалқы құрамда отырсам да, командаға тигізетін әсерім өзгермейді», – деді ол.

Әлем чемпионаттарының рекордшысы

Криштиану Роналду биыл алтыншы рет әлем чемпионатына қатысып отыр. Осылайша, ол аргентиналық Лионель Мессимен бірге мундиальдарға ең көп қатысқан футболшы атанды.

Бұдан бөлек, Роналду футбол тарихында алты әлем чемпионатының барлығында гол соққан алғашқы әрі әзірге жалғыз ойыншы ретінде тарихқа енді.

2026 жылғы әлем чемпионатында португалиялық шабуылшы әзірге үш голдың авторы атанды. Оның екеуін топтық кезеңде Өзбекстан құрамасына қарсы кездесуде соқса (5:0), тағы біреуін Хорватиямен өткен плей-офф матчында пенальтиден енгізді (2:1). Бұл оның әлем чемпионаттарының плей-офф кезеңіндегі алғашқы голы болды.

«Ар-ожданым таза»

Журналистер Испаниямен болатын кездесу оның әлем чемпионатындағы соңғы ойыны болуы мүмкін екенін айтып, қобалжитынын сұрағанда, Роналду эмоциясын жасырмады.

«Сіздер менің қайтып келмегенімді қатты қалайтын сияқтысыздар. Иә, ол күн бір күні келеді. Бірақ ертең не болса да, мен бұл жерден ар-ожданым тап-таза күйде кетемін. Тіпті жүз пайыз емес, мың пайыз таза. Мен футболға барымды бердім. Мұны қажеттіліктен емес, футболды шексіз жақсы көргендіктен жасадым. Ұлттық құрамада да, клубта да осы құштарлықтың арқасында ойнап жүрмін», – деді ол.

Футболшы өзіне жеңіске жету үшін артық қысым жасамайтынын да айтты.

«Өзіңе "міндетті түрде жеңуің керек" деп қысым жасауға болмайды. Барлығы Құдайдың қалауымен болады. Мен үш гол соқтым. Басқалары одан көп гол енгізген шығар, өйткені олар тамаша формада. Бірақ менің де жағдайым жаман емес деп ойлаймын. Ертең тағы гол соғамын ба, оны уақыт көрсетеді», – деді тәжірибелі шабуылшы.

«Мені 23 жыл бойы сынап келеді»

Роналду мансабы бойы үздіксіз сынға ұшырағанын да еске алды.

«Мені 23 жыл бойы "жоқ қылуға" тырысып келеді. Бірақ сыншылар мұның бос әурешілік екенін түсінді», – деді ол.

Испаниямен шешуші кездесу

Португалия құрамасы әлем чемпионатының 1/8 финалында Испаниямен кездеседі. Матч бүгін сағат 22:00-де басталады.

Айта кетейік, Криштиану Роналду кәсіби мансабында бес мәрте «Алтын доп» иегері атанды, бес рет УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп алды және Португалия құрамасымен 2016 жылғы Еуропа чемпионаты мен 2019 жылғы УЕФА Ұлттар лигасында топ жарды. Қазіргі таңда ол ұлттық құрама тарихындағы ең үздік сұрмерген әрі халықаралық матчтарда ең көп гол соққан футболшы саналады.

Егер бұл Роналду үшін шынымен соңғы әлем чемпионаты болса, онда әлем футболындағы ең жарқын дәуірлердің бірі өз мәресіне жақындап келеді.