homepage
akorda.kz

Менің атым - Астана: елордамен аттас қанша қазақстандық бар

06.07.2026, 14:55

Бүгін Қазақстанның бас қаласы – Астана туған күнін атап өтіп жатыр. Осыған орай Ұлттық статистика бюросы елорда туралы көпшілік біле бермейтін қызықты деректерді жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2026 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, Астанада 1 млн 674 мың 699 адам тұрады. Қалада әйелдер саны ерлерге қарағанда көп: 884 мың әйел және 790,6 мың ер адам.

Қазақстанда 26 адамның есімі – Астана. Ал былтыр елордада 27,4 мың сәби дүниеге келген.

Бүгінде Астанада 545 мың бала тұрады. Оның 280 мыңы – ұл, 265 мыңы – қыз. Қала тұрғындарының орташа жасы – 30,9 жас, ал өмір сүру ұзақтығы 78,8 жасқа жеткен.

Отбасы құру көрсеткіші де жоғары. Биылғы алғашқы бес айда елордада 3 469 неке тіркелген.

Астана кәсіпкерлік жағынан да қарқынды дамып келеді. Қазір қалада 274 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Ал 18,5 мың құрылыс компаниясымен республикада бірінші орында тұр.

Статистикаға сүйенсек, елордада 576 мың пәтер, 6 819 қоғамдық тамақтану орны, 31 театр, 5 музей, 35 кітапхана және 24 саябақ бар.

Тұрақты интернетке қосылған абоненттер саны 443,4 мыңға жеткен.

Астана шетелдік қонақтар үшін де тартымды бағытқа айналып келеді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында қала қонақүйлерінде 67,9 мың шетелдік турист тоқтаған. Қазір елордада 6 бес жұлдызды қонақүй жұмыс істейді.