Алматы облысындағы Көлсай көлдері ұлттық паркінің аумағында 16 жастағы қызды жылан шағып, оған Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жедел көмек көрсетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ТЖМ мәліметінше, демалыс аймағында кезекшілік атқарып жүрген жедел-құтқару жасағының қызметкерлеріне демалушылар жасөспірімді жылан шаққаны туралы хабарлаған.
Құтқарушылар қызды әмбебап құтқару бекетіне жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кейін ол қызметтік автокөлікпен жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізілді.
Осыған байланысты ТЖМ тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Ведомствоның ескертуінше, жаз мезгілінде жыландардың белсенділігі артады. Сондықтан табиғат аясында белгіленген соқпақтармен ғана жүріп, демалыс орнын алдын ала мұқият қарап шығу қажет.
Сондай-ақ жыландарға жақындамауға және оларды ұстауға әрекет жасамауға кеңес беріледі.
Егер адамды жылан шақса, дереу медициналық көмекке жүгініп, 112 нөміріне хабарласу қажет.