Елордада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XXVI съезі өтті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданып, Құрылтай депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімі мен Саяси кеңестің жаңа құрамы бекітілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Партия төрағасы Қайрат Айтуғановтың айтуынша, съезге еліміздің барлық өңірінен сайланған 150 делегат пен 200-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында партия ардагерлері, бұрынғы Мәжіліс депутаттары, мәслихат депутаттары, жастар және қоғам өкілдері болды.
Ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалардың азаматтар мен саяси партиялардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жаңа мүмкіндік бергенін атап өтті. Айтуынша, «Ауыл» партиясы бұл өзгерістерді қолдайды және алдағы электоралдық кезеңде қоғаммен ашық диалогты күшейтуге ниетті.
Съезд барысында партия Құрылтай депутаттығына 69 кандидатты бекітті. Үміткерлердің 71 пайызы – ерлер, 29 пайызы – әйелдер. Тізімге мүгедектігі бар алты азамат енгізілген. Кандидаттардың басым бөлігі – 35 пен 55 жас аралығындағы азаматтар.
Партияның мәліметінше, тізімге еліміздің әр өңірінен және түрлі салалардан ұсынылған кандидаттар енген.
Съезд аясында партия мүшесі Қарақат Әбден де пікір білдіріп, Қазақстандағы саяси үдерістердің жанданып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, барлық саяси күштерге құрметпен қарау қажет және саяси жүйедегі өзгерістер елдің дамуына оң әсер етеді.