homepage
gov.kz

Атырау әкімінің міндетін атқарушы 100 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді

06.07.2026, 11:47

Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Тілек Махуов пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Halyqstan басылымының хабарлауынша, 49 жастағы шенеунік 100 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл қаражат Атырау қаласының кәріз желілерін күрделі жөндеу жобасына өзгерістер енгізуге ықпал еткені үшін берілген болуы мүмкін.

Белгілі болғанай, ақша тікелей емес, аталған нысанда қосалқы мердігер ретінде жұмыс атқарған делдал арқылы берілген деген болжам бар.

Тергеу материалдарында су шаруашылығы саласындағы ірі мердігерлердің бірі саналатын «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС басшылығының да аты аталады.

Компания Атыраудағы жалпы ұзындығы шамамен 25 шақырымды құрайтын кәріз коллекторларын жаңғырту жобасының бірінші және екінші кезеңдерін жүзеге асырған. Жоба қаладағы 21 учаскені қамтыған.

Ашық деректерге сәйкес, аталған компания өткен жылы бюджетке 2,5 миллиард теңгеден астам салық төлеген.

Басылымдар мәліметінше, тергеу амалдары 5 шілдеге қараған түні жүргізілген. Осыдан кейін Тілек Махуов уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Айта кетейік, Тілек Махуов бұған дейін Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Оған дейін қалалық құрылыс бөлімін басқарған.

Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеуді Атырау облысының прокуратурасы мен ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бірлесіп жүргізіп жатыр.

Ресми органдар әзірге бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Сондықтан күдік тергеу барысында дәлелденгенге дейін Тілек Махуовтың кінәсі заң жүзінде дәлелденбеген болып есептеледі.