Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалы аясында өткен Бразилия - Норвегия матчы нағыз сенсациямен аяқталып, Норвегия құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл нәтиже арқылы Норвегия өз тарихында тұңғыш рет мундиальдың ширек финалына жолдама алса, бес дүркін әлем чемпиондары Бразилия үшін 1990 жылдан бергі ең ерте аяқталған сәтсіз турнир болды.
АҚШ-тың Нью-Джерси стадионында өткен ойын шынымен драмаға толы. Бірінші таймда Бразилия ойынды белсенді бастап, гол соғатын бірнеше мүмкіндікке ие болған. Таймның басында төреші VAR көмегімен Бразилия пайдасына пенальти белгіледі. Алайда Бруну Гимарайнш тебкен допты Норвегия қақпашысы Эрьян Нюланд керемет инстинктпен қайтарып, командасын голдан құтқарып қалды. Екінші таймда Бразилия сапынан алаңға Эндрик (58-минутта) пен Неймар (67-минутта) шықты. Жастық жалын мен тәжірибені қосқан Карло Анчелотти шәкірттері шабуылды үдетті. Тіпті Эндрикте Нюландпен бетпе-бет шығатын мүмкіндік болды. Бірақ, оның соққысы қиыс кетті.
Ал скандинавиялықтардың бапкері Столе Сольбаккен бірінші таймнан кейін Антонио Нусаның орнына Андреас Шельдерупті шығарды. Бұл дер кезінде қабылданған шешім болды. 79-минутта Шельдеруп сол қанаттан әуелете доп асырды, ал Эрлинг Холанд қорғаушы Габриэльден биік секіріп, баспен соққы жасап, гол салды. Есеп 0:1. Одан кейін ойынның 90-минутында тағы да сол Холанд айып алаңының сыртынан Данилоның аяғының арасынан шірене тартып, есепті еселеді 0:2. Матчтың қосымша уақытының 10-минутында (90+10') Бразилия пенальти тебу мүмкіндігін алып, Неймар оны дәл орындағанымен, бұл жай ғана жұбаныш голы болып қала берді. Норвегия матч бойы допты толық бақылауда ұстады. Және 618 нақты пас жасап, Бразилияның прессингін оңай бұзып отырды.
Эрьян Нюланд бұл түнде өз мансабындағы ең үздік ойындардың бірін өткізді. Ол пенальтиден бөлек, Раян мен Гимарайнштың қауіпті соққыларын қайтарып, Бразилияның психологиялық тұрғыдан басымдық алуына жол бермеді. Холанд болса, әлем чемпионатындағы голдар санын 7-ге жеткізіп, Мбаппе мен Мессиді қуып жетті. Ол өзіне берілген мүмкіндіктерді өте тиімді пайдаланды. Бір қызығы Норвегия футбол тарихында Бразилия құрамасынан ешқашан жеңілмеген жалғыз команда. Олар осыған дейін 5 матч өткізсе, соның үшеуін жеңіп, екі ойын да тең түскен. Осы жеңілістен кейін 34 жастағы Неймар халықаралық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Ал тарихи жеңіске жеткен Норвегия енді 11 шілдеде Майамиде өтетін ширек финалда Англиямен кездеседі. Матч аяқталғаннан кейін екі тараптың да мәлімдемелері эмоциаға толы болды. Жеңіске жеткен Эрлинг Холанд бұл күнді тарихи сәт деп атаса, Бразилия бапкері Карло Анчелотти сәтсіздіктің басты себептерін түсіндірді.
«Бұл Норвегия футболының ғана емес, бүкіл еліміздің тарихындағы ең керемет, ең ерекше күндердің бірі. Біз алаңға шыққанда ешкім бізге сенген жоқ. Бірақ біз жаңа тарихты жаза алатынымызды сездік. Бразилия ұлы команда, олар бізге үлкен қысым көрсетті. Біз соңына дейін шыдадық. Бірінші таймдағы пенальтиді қайтарған Эрьян Нюландтың ерлігі бізге қосымша күш берді. Шабуылшы ретінде менің міндетім мүмкіндікті күту. Екінші таймдағы тактикалық ауысымдардан кейін біз еркін ойнай бастадық. Жанкүйерлерге осы бақытты сыйлағаныма өте қуаныштымын, бірақ тоқмейілсуге уақыт жоқ, алда ширек финал күтіп тұр»,-деді Эрлинг Холанд
Ал Карло Анчелотти болса;
«Мүмкіндіктерді пайдаланбау жазасыз қалмайды. Футболда егер сен өз мүмкіндіктеріңді голға айналдырмасаң, қарсылас сені міндетті түрде жазалайды. Бізде есепті ашатын, тіпті алға шығатын бірнеше тамаша мүмкіндік болды, соның ішінде пенальти де бар. Бірақ Норвегия қақпашысы керемет ойнады. Біз Холандтың қаншалықты қауіпті екенін білдік және оған қарсы арнайы дайындалдық. Алайда екінші таймның соңында концентрация жоғалтып алдық. Ол сияқты деңгейдегі шабуылшыға айып алаңында бос кеңістік беруге болмайды, ол екі мүмкіндікті де голға айналдырды. Бұл Бразилия үшін өте ерте аяқталған және ауыр жеңіліс. Мен бапкер ретінде бұл нәтиже үшін толық жауапкершілікті өз мойныма аламын. Командаға үлкен өзгерістер қажет. Неймардың мансабын аяқтауы туралы шешіміне келетін болсақ, бұл ұлы футболшының өз таңдауы, біз оны құрметтеуіміз керек»,-деді.
Ал 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалындағы нағыз тартысты ойын Мексика мен Англия арасында өтті. Мамандар бұл матчы мундиаль тарихындағы ең үздік драмалардың біріне балап жатыр. Ал Томас Тухель бастаған команда 10 ойыншымен қалса да, 3:2 есебімен алаң иелерін жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Мехикодағы аты аңызға айналған «Ацтека» стадионында өткен бұл кездесуде сары қағаздар да, қызыл қағаз да, екі пенальти де, соңғы секундтарға дейін созылған триллер де ойындағы жағдайды отқа май құйғандай жандырды. Ойынның алғашқы жарты сағаты тең өтті. Алайда 36-минутта Джуд Беллингем қақпа алдында аса биік те емес ұшқан допты басымен қадап есеп ашты. Іле араға 98 секунд салып, сол Джуд 38-минутта дубль жасап, Англияны алға шығарды. Есеп 0:2. Осылайша ол 1986 жылғы Диего Марадонадан кейін «Ацтека» стадионында әлем чемпионатының матчында екі гол соққан алғашқы футболшы атанды.
Стадионға жиналған мыңдаған жанкүйерлердің қолдауымен Мексика да тез ес жиды. 42-минутта қорғаушы Эзри Консаның қателігінен кейін Хулиан Киньонес допты қақпа төріне шірене теуіп, есеп айырмасын қысқартты. 1:2.
Екінші тайм басталғанда Англия қорғаушысы Джарелл Куанса қарсыластың сирағына тура әрі қауіпті соққы жасады деген желеумен VAR тексерісінен кейін тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Сосын 60-минутта Англия қарсы шабуылға шығып, Энтони Гордонды мексикалық қақпашы Рауль Ранхель өз айып алаңында құлатты. Төреші пенальти белгілеп, оны капитан Харри Кейн мүлтіксіз орындады. Есеп 1:3. 68-минутта бұл жолы Харри Кейн өз айып алаңында Брайан Гутьерресті теуіп құлатып, Мексика пайдасына пенальти белгіленді. Танымал шабуылшы Рауль Хименес 69-минутта мүлт кетпей, есепті тағы да қысқартты. 2:3.
Матчтың негізгі уақытына төреші 11 минут қосымша уақыт қосты. Азшылықта қалған Англия толықтай қорғанысқа көшті. Мексика құрамасы Сантьяго Хименес пен Рауль Хименестің күшімен қауіпті соққылар жасап, Англияның айып алаңын толықтай қоршауға алды. Алайда ағылшын қақпашысы Джордан Пикфорд өзінің әлем чемпионатындағы 17-ші тарихи матчын сәтті өткізіп, Питер Шилтонның рекордын қайталады. Соңғы секундтарда бірнеше маңызды сейв жасап, командасының жеңісін сақтап қалды.
Бекәлі Жәдік