homepage
Фото: FIFA

Мбаппе сұрмергендер көшін бастады

05.07.2026, 10:14

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Марокко құрамасы Канаданы 3:0 есебімен талқандап, ширек финалға жолдама алды.

Хьюстондағы NRG стадионында өткен бұл кездесуде Солтүстік Африка өкілдері өз мүмкіндіктерін мінсіз пайдаланып, турнир қожайындарының бірін жарыстан шығарды.

Канада кездесуді белсенді бастап, жоғары темппен ойнаған. Тани Олувасейидің қауіпті соққысын Марокко қақпашысы Яссин Буну сәтті қайтарды. Алғашқы 45 минут таза футболдан гөрі ереже бұзушылықтарға толы болып, бас төреші Майкл Оливер қос командаға 6 сары қағаз көрсетті. Төменгі қарқынның кесірінен бірінші кезең 0:0 есебімен аяқталды.

Үзілістен кейін ойын сценарийі толық өзгерді. 50-минутта Ашраф Хакими айып соққысын жылдам ойнатып, пас шығарды, ал Аззедин Унаи айып алаңының сыртынан дәл соққы жасап, есепті ашты. 0:1. Канада қарымта шабуылды күшейтуге тырысқанымен, Марокко қорғанысы сыр бермеді. 82-минутта Браим Диас берген пасты Унаи голға айналдырып, дубль авторы атанды. Есеп 0:2.

Ал төреші қосқан қосымша уақытта (90+8 минут) Суфьян Рахими қарсы шабуылды сәтті қорытындылап, тағы бір голмен жеңісті шегеледі. Есеп 0:3. Ойын статистикасы көрсеткендей, Канада допқа көбірек иелік еткенімен, Марокко өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Марокко құрамасының көшбасшысы Браим Диас әлем чемпионаттары тарихында 4 нәтижелі пас берген алғашқы африкалық футболшы болып рекорд орнатты. Канада 2026 жылғы әлем чемпионатын ұйымдастырушы үш елдің (АҚШ, Мексика, Канада) ішінде плей-офф кезеңінен бірінші болып ұшып кеткен құрама атанды. Марокко өз тарихында екінші рет қатарынан әлем чемпионатының ширек финалына шығып, бұл жетістікке қол жеткізген алғашқы африкалық мемлекет атанды. Енді Марокко құрамасы 9 шілдеде өтетін ширек финалда Франция құрамасымен кездеседі.

Ал Франция болса, 1/8 финалында Парагвайды 1:0 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Филадельфиядағы стадионда 39 градустық аптап ыстықта өткен бұл кездесу өте тартысты, дөрекілікке толы және жүйке жұқартқан ойын болды. Алдыңғы кезеңде Германияны пенальти сериясында жарыстан шығарған Парагвай бұл ойында да таза қорғанысқа сүйенді. Франция допқа толық иелік еткенімен, Оңтүстік Америка өкілдерінің тығыз қорғанысын бұза алмады. Француздар тек алыстан соққы бағыттаумен шектелді, ал бірінші тайм 0:0 есебімен тең аяқталды.

Екінші таймда Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам алаңға Брэдли Барколаның орнына жас талант Дидье Дуэні шығарып, ойынды жандандырды. Көп ұзамай-ақ, 69-минутта Дидье Дуэ айып алаңының ішінде Диего Гоместің қарсылығына тап болып, жерге құлады. Өзбекстандық бас төреші Ильгиз Танташев VAR жүйесін қарағаннан кейін Парагвай қақпасына пенальти белгіледі. 70-минутта Парагвай ойыншыларының пенальти нүктесін аяқпен таптап, кедергі жасауға тырысқанына қарамастан, құрама капитаны Килиан Мбаппе соққыны дәл орындап, есеп ашты. 0:1.

Ойынның соңғы минуттары төбелеске ұласа жаздады. Парагвайлықтар Мбаппеге қарсы өте дөрекі ойнап, Матиас Галарза оны шынтақпен ұрып құлатты. Алайда, Мбаппе бұған тек күлкімен жауап берді. Матчтың соңында Парагвай қақпашысы Орландо Гилл керемет ерлік көрсетті. Ол алдымен Мбаппенің қорғаушының аяғының астынан бағыттаған соққысын қайтарды, содан кейін қайта қайтқан допты тағы да тосып алып, ерекше қос сэйв жасады. Франция құрамасы ойынды толық бақылауда ұстады, ал Парагвай шабуылда ештеңе көрсете алмады. Мбаппе болса, осы голы арқылы әлем чемпионатындағы 19-шы голын соғып, биылғы турнирдегі 7-ші голына қол жеткізді. Ол сұрмергендер жарысында Лионель Мессимен теңесті, бірақ нәтижелі пастары (2 пас) көбірек болғандықтан қазір көш бастап тұр. Әрі бұл гол Францияның әлем чемпионаттары тарихындағы 150-ші голы ретінде тіркелді. 

Бекәлі Жәдік

Теги: