homepage
фото: ЖИ

Сүлейменова неден сүрінді: бір топ азамат министрдің отставкаға кетуін талап етті

05.07.2026, 10:15

Оқу-ағарту министрлігі төңірегіндегі дау күн өткен сайын өршіп барады. Атап айтқанда, бір топ азамат сала министрі Жұлдыз Сүлейменованың қызметтен кетуін талап етіп, Президентке ашық хат жолдады. Құжат авторлары өздерін министрліктің қазіргі және бұрынғы қызметкерлері ретінде таныстырып, ведомстводағы кадрлық саясатқа, басқару стиліне және жұмыс жағдайына қатысты бірқатар ауыр айып тағып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Құжатта министр қызметіне келгеннен кейін ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың нашарлағаны, қызметкерлерге қысым көрсетілетіні және кадрлық тұрақсыздықтың күшейгені айтылады. 

«Министрдің басқару стилі ерекше алаңдаушылық туғызады. Аппараттық кеңестер мен жұмыс кездесулері кезінде құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық ұйым басшыларына дауыс көтеру, эмоциялық қысым жасау, көпшілік алдында орынсыз әрі ар-намысын қорлайтын түрде сын айту жағдайлары жиі кездеседі», – дейді арыз хаттың авторлары. 

Арыз авторлары жұмыс жүктемесінің шамадан тыс артқанын, қызметкерлердің кешке дейін және демалыс күндері жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтады. Олар қызметкерлердің тіпті асханаға барып тамақтануға немесе буфеттен жеңіл ас ішуге қорқатынын жазады. 

Құжатта жұмыстан шығарылған немесе кетуге мәжбүр болған мамандардың, жетекшілердің ұзақ тізімі келтірілген.

«Министрліктен кеткен немесе қысым көрген адамдардың ұзын саны 22-ден асады. Олардың арасында қаржы блогы, цифрландыру, инклюзивті және орта білім, Ы.Алтынсарин атындағы академия, «Өрлеу», «Талдау», «Дарын», «Талап», «Балдәурен» секілді маңызды құрылымдарға қатысы бар тәжірибелі мамандар бар», – дейді желіде тараған ұжымдық шағымға назар аударған қоғам белсендісі Гүлнар Мансұрқызы. 

Тағы бір даулы мәселе – марапаттау тәртібі. Үндеу авторлары көп жылдық тәжірибесі бар мамандар қысым көріп жатқанда, жаңа тағайындалған кейбір қызметкерлердің 1-7 ай ғана жұмыс істеп, мемлекеттік наградаға ұсынылуын түсініксіз деп санайды.

Осыған байланысты хат иелері Президенттен арызда көрсетілген жайттарға тәуелсіз тексеру жүргізуді, қызметкерлерді қысымнан қорғауды және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қызметінен босатуды сұрайды. 

Әзірге Оқу-ағарту министрлігі жарияланған арызға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Редакция ведомствоның жауабын жариялауға дайын.