Италияда беделді “TerraLenta Film Fest” кинофестивалі аясында қазақстандық “Sunset on the Aral” (“Аралда батқан күн”) деректі фильмінің әлемдік таныстырылымы өтті. Оның авторы әрі режиссері - қазақстандық журналист Сәби Байбосынов. Туынды халықаралық киноалаңда Орталық Азия аймағынан ұсынылған жалғыз фильм болып отыр.
“TerraLenta Film Fest” - күн тәртібіндегі өзекті экологиялық мәселелерге арналған тәуелсіз авторлық деректі фильмдер көрсетілетін фестиваль. 2026 жылы ұйымдастыру комитетіне әлемнің 60 мемлекетінен 300-ден астам өтінім түскен. Қазақстандық туынды қатаң іріктеуден өтіп, финалдық шорт-тізімдегі 18 жобаның бірі атанды.
“Sunset on the Aral” фильмінде жаһандық экологиялық апат ауқымы қарапайым адам тағдыры арқылы көрсетіледі. Теңіздің тартылғанына қарамастан туған жерінен жырақтамай, ата кәсібін жалғастырып келе жатқандар өмірі негізгі оқиға ретінде баяндалады. Қаңырап қалған балықшылар ауылын да режиссер оқиға желісіне арқау етіп, табиғат ана шеккен зиян мен адамдардың батыл әрі қайсар қадамдарын суреттейді.
“Бір кездері тіршілікке толы болған Арал теңізінен елес секілді қаңқа ғана қалғандай. Бұл - шектен тыс прогреске ұмтылу мен табиғатқа немқұрайлы қараудың салдары”, - дейді фильм режиссері Сәби Байбосынов.
“Sunset on the Aral” фильмінің Еуропадағы таныстырылымы Орталық Азиядағы экологиялық мәселелерге халықаралық қауымдастық назарын аударудың маңызды екенін айқындап қана қоймай, қазақстандық деректі кино саласы әлеуетінің әлемдік деңгейде артып келе жатқанын да көрсетеді.