Қазақстандық актер әрі аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар IBA Nomad 15 турнирінде ресейлік файтер Артем Тарасовты небәрі 40 секундта техникалық нокаутпен жеңіп, жанкүйерлерді тәнті етті.
Кездесу ұзаққа созылған жоқ. Жекпе-жек басталғаннан кейін қазақстандық файтер қарсыласына бірден қысым жасап, жойқын соққылар сериясын өткізді. Соның нәтижесінде төреші бірінші раундтың небәрі 40-секундында айқасты тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша қазақстандық файтер техникалық нокаутпен сенімді жеңіске жетті.
Бұл жекпе-жекке дейін екі спортшы арасында әлеуметтік желілерде және көз арбасу рәсімінде тартысты сөз қағысу болған еді. Сондықтан кездесу турнирдің ең көп күткен айқастарының біріне айналды.
Еркебұлан Тоқтар осылайша кәсіпқой ММА-дегі жеңістер санын 11-ге жеткізді. Соңғы уақытта ол OCTAGON және Nomad Fighting ұйымдарында бірнеше қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп, жеңісті сериясын жалғастырып келеді.
Жекпе-жектен кейін қазақстандық спортшы ресейлік қарсыласына құрмет білдіріп, жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Ал, Артем Тарасов әлеуметтік желіде Еркебұланнан реванш сұрауға дайын екенін меңзеді.