homepage
Depositphotos.com

Алаяқтардың 150 млн қоңырауы бұғатталды

04.07.2026, 17:16

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша қылмыс деңгейі 10%-ға төмендеді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

ІІМ басшысы Ержан Сәденовнің мәліметінше, қылмыстың негізгі санаттарының барлығы бойынша төмендеу байқалған. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың ашылу деңгейі жақсарып, алдын алу шараларының тиімділігі артқан.

Жарты жыл ішінде:

  • ұрлық саны – 16,4%-ға;
  • мал ұрлығы – 15,8%-ға;
  • интернет-алаяқтық – 7%-ға азайған.

Интернет-алаяқтыққа қарсы күрес барысында жәбірленушілерге 4,8 млрд теңге қайтарылып, тағы 2,6 млрд теңгенің заңсыз аударылуына жол берілмеді. Бұдан бөлек, 150 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталған.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл аясында жыл басынан бері 38 қылмыстық іс тіркеліп, 160-тан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Есірткі қылмысына қарсы күресте 1 880-нен астам құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, бір трансұлттық топты қоса алғанда 6 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Сондай-ақ заңсыз айналымға жарты тоннадан астам синтетикалық есірткінің түсуіне тосқауыл қойылған.

Қылмыстық істер бойынша мемлекет пен азаматтарға келтірілген 34 млрд теңгеден астам шығын өтелді.

Жол қауіпсіздігі көрсеткіштері де жақсарған. Есепті кезеңде:

  • жол-көлік оқиғалары 4%-ға;
  • жол апатынан қаза тапқандар саны 20%-ға;
  • жараланғандар саны 7%-ға азайды.

Кеңес қорытындысында министр құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтуді, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні полиция жұмысына кеңінен енгізуді және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.