homepage
facebook.com/GenProkRK

БҚО-да жеке сот орындаушысы 10 млн теңгені бөгде адамға аударған

04.07.2026, 16:03

Батыс Қазақстан облысында жеке сот орындаушысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол атқарушылық іс жүргізу барысында қаржыға заңсыз билік етті деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Облыстық прокуратураның мәліметінше, тексеру кезінде атқарушылық іс жүргізу туралы заңнама талаптарының өрескел бұзылғаны анықталған.

Атап айтқанда, жеке сот орындаушысы өндіріп алушыларға тиесілі 532 мың теңгені аудармаған.

Бұдан бөлек, 9,8 млн теңге атқарушылық іске қатысы жоқ үшінші тұлғаның есепшотына негізсіз аударылған. 

Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 251-бабы – «Жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін теріс пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Прокуратура тергеу барысы ведомствоның ерекше бақылауында екенін мәлімдеді. Тергеу аяқталғаннан кейін іске қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріліп, заңға сәйкес тиісті шешім қабылданады.

Айта кетейік, жеке сот орындаушылары сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Сондықтан өндіріп алынған қаражатты заңда белгіленген тәртіппен алушыларға уақытылы аудару олардың негізгі міндеттерінің бірі саналады.