homepage
juzmedia.kz

Қапшағай су қоймасында жас қыз бен жігіт суға батып кетті

04.07.2026, 15:29

Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасында қайғылы оқиға болып, 20 жастағы жігіт пен 18 жастағы қыз суға батып көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға 1 шілдеде Қонаев қаласындағы «Жаса» демалыс аймағы маңында болған. Екі жас арнайы жабдықталмаған жерде суға түскен.

Оқиға туралы хабар 112 қызметіне түскеннен кейін Алматы облысы ТЖД құтқарушылары іздестіру-құтқару жұмыстарын бастаған.

Құтқарушылар келгенге дейін демалушылар жағалаудан шамамен 30 метр қашықтықтан 2006 жылы туған қыздың мәйітін судан алып шыққан. Ал екінші адамды іздеу жұмыстары тәулік бойы жалғасып, 2 шілдеде таңертең құтқарушылар Қапшағай су қоймасының жағалауынан 2004 жылы туған жігіттің денесін тапқан.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазба тарады.

Куәгерлердің айтуынша, жастар достарымен бірге демалуға келген. Олар көліктен заттарын түсіріп жатқанда, жігіт пен қыз суға түскен. Сол сәтте жел күшейіп, су бетінде толқын көтерілгеннен кейін екеуі бата бастаған.

Куәгерлердің бірі суға секіріп, қызды жағаға алып шыққанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға, тыйым салынған және қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген жерлерге суға түспеуге шақырды. Сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмау және суда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте еске салды.