Венесуэлада болған жойқын қос жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2 645 адамға жетті. Бұл туралы елдің Байланыс және ақпарат министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, табиғи апат салдарынан 12 666 адам жарақат алған. Ал құтқарушылар қирандылар астынан 6 462 адамды тірі алып шыққан.
Жер сілкінісінен кейін 15 мыңнан астам тұрғын баспанасыз қалған. Билік өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі уақытқа дейін 86 мыңнан астам отбасыға гуманитарлық көмек көрсетілген. Зардап шеккендерді уақытша орналастыру үшін ел бойынша 59 арнайы лагерь ашылған.
Гуманитарлық операция аясында тұрғындарға 10 мың тоннаға жуық азық-түлік, ондаған мың азық-түлік жиынтығы және 500 мың литрге жуық ауыз су таратылды. Сонымен қатар 20 909 адам медициналық көмек алған.
Құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Мамандар қираған ғимараттарды тексеріп, іздестіру-құтқару операцияларын тәулік бойы жүргізуде.
Айта кетейік, Венесуэлада болған қос жер сілкінісі соңғы жылдардағы ел тарихындағы ең жойқын табиғи апаттардың бірі саналып отыр. Күшті жерасты дүмпулері көптеген тұрғын үйді, әлеуметтік нысандарды және инфрақұрылымды қиратып, ондаған мың адамды баспанасыз қалдырды.
Ел билігі төтенше жағдай режимін енгізіп, халықаралық гуманитарлық ұйымдар зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетуді жалғастыруда.