Премьер-министр Олжас Бектенов жанар-жағармай нарығындағы жағдайға арналған кеңес өткізіп, елдегі отын қорын қамтамасыз ету және жанармайдың шетелге заңсыз шығарылуына тосқауыл қою жұмыстарының барысын қарады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жиында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, елдегі бензин, дизель отыны мен авиаотын қоры ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Министрлік жанар-жағармай өндірісі мен жеткізілуін тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Ал Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жыл басынан бері шекарадағы өткізу бекеттерінде мұнай өнімдерін заңсыз алып шығудың 593 әрекеті тоқтатылғанын мәлімдеді. Заңсыз әкетілмек болған жанармайдың жалпы көлемі 40 мың литрден асады.
Сонымен қатар Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов соңғы екі тәуліктің өзінде ғана қосымша бактар мен канистрлер арқылы 3 тоннадан астам жанармайды шетелге шығарудың 61 әрекеті анықталғанын айтты.
Бұдан бөлек, жанармай тасымалдайтын 18 арнайы көлік тексерілген. Соның бірі 34 тонна мұнай өнімін тасымалдаған, қазір одан алынған үлгілерге сараптама жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары қызмет көрсету көлемі қалыптан тыс артқан 62 жанармай құю стансасы мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының жұмысын тексеруге кірісті.
Кеңес қорытындысында Олжас Бектенов ішкі нарықтағы жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу Үкіметтің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ол жауапты мемлекеттік органдарға жағдайды күн сайын бақылауда ұстап, заңсыз отын айналымының жолын кесу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.